«Қазақтелеком» 1 млн қазақстандықты талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз ету үшін шамамен 400-500 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл туралы KURSIV ECOSYSTEMS форумы барысында «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанда 1,8 млн-ға жуық отбасы «Қазақтелекомның» талшықты-оптикалық және сымды интернетін пайдаланады. Оның 1 млн-ға жуығы Кеңестік кезеңде, яғни мыс сымдармен тартылған инфрақұрылымды пайдаланады. Бұл жүйенің қызметі талшықты-оптикалық сымдарға қарағанда шектеулі.
Ал қалаларда тұратын 800 мың абонент бар. Оларға оптикалық желі тартылған. Ал оның 580 мыңы интернетті сапалы дей алмайды. Себебі құрылғылары ескірген. Өйткені 5-10 жыл бұрын орнатқан құрылғылардың мүмкіндігі шектеулі.
«Сондықтан жыл соңына дейін 300 мың, 2025 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін 280 мың құрылғы жаңартылады», – деп уәде етті Мусин.
Сонымен қатар қазіргі уақытта сымды интернетті пайдаланатын «Қазақтелекомның» 1 млн абоненті 3,5 жыл ішінде талшықты оптикаға көшіріледі.
«1 млн клиентті сапалы интернетпен қамту үшін шамамен 1 млрд доллар инвестиция қажет. Бизнес-жоспар жасадық және оны директорлар кеңесінде қорғап жатырмыз», – деді Бағдат Мусин.
Мусин жоғарыда аталған бастамалардың барлығы цифрлық экожүйелерді дамытуға ықпал ететініне сенімді.
Еске сала кетсек, KURSIV ECOSYSTEMS тәуелсіз форумы Қазақстан цифрлық нарығының көшбасшылары мен сарапшыларын бір ортаға тоғыстырған алаң.
Бұған дейін аталған жиын барысында Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе сервистерді жасау және технологияларды қолдауға салынған инвестициялар туралы айтқан еді.