ҚМА алаяқтардың банк карталары арқылы ақша шығаратын жаңа әдісі туралы ескертеді
Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың банк карталары арқылы ақша шығаратын жаңа әдісі туралы ескертеді.
ҚМА мәліметінше, алаяқтар азаматтардың жеке банк карталарын пайдалану арқылы қылмыстық табыстарды заңдастыру үшін оңай табыс ұсынып, қылмыстық схемаларға тарту фактілері көбейіп кеткен.
Азаматтар қаржылық операциялар жасау үшін банк карталарын үшінші тұлғаларға беріп, «делдал» болу қаупін ескермей, қылмыстық схемаларға тартылуы мүмкін. Ақша кибер құқықбұзушылықтардан немесе есірткі және адам сату сияқты қылмыстық схемалардан тартылуы ықтимал.
ҚМА жүргізген талдауға сәйкес, есірткі сатумен байланысты схемаларда жалпы айналымы 22 млрд теңге болатын 30 мың банк картасы пайдаланылған.
Мұндай заңсыз схемаларға көп жағдайда қаржылық қиындықтарға тап болғандардың, атап айтқанда жұмыссыздар, студенттер және әлеуметтік осал топ өкілдерінің алаяқтардың жеңіл жолмен оңай олжаға кенелу уәделеріне сеніп, делдал болып қалу қауіпі жоғары екені анықталды.
Астана мен Қарағанды қаласының студенттері және Теміртаулық 64 жастағы зейнеткер «делдал» ретінде Telegram-дүкенінде есірткі сатудан алынған ақшаны жылыстату схемасына қатысқан. Олардың шоттары арқылы 100 млн теңгеден астам қаржы өткен. Бұл наркошоптың жалпы айналымы 2 млрд теңгеден асқан.
Тағы бір жағдайда Алматыда 20 жастағы студенттің картасына 900-ден астам адамнан 22,5 миллион теңге түскен. Аударымдар 7,5 мыңнан 15 мың теңгеге дейінгі аралықта болған, бұл сомалар есірткі заттарының бір реттік дозаларының құнына сәйкес келеді.
Кейіннен бұл ақша құқық бұзушылардың крипто-әмияндарына шығарылды.
Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн диалог арқылы бейтаныс азаматтар немесе компанияның өкілдері хабарласып, шотыңызға сыйақыға ақша аударып, есесінен оңай ақша табуды ұсынған жағдайда қырағылық танытып, өзіңізді қылмыстық схеманың мүшесі болудан сақтануды сұрайды.