Жаңалықтар

Светлана Назарбаева қандай активтерге иелік етті?

Чем владела Светлана Назарбаева
Светлана Назарбаеваның Қазақстаннан бөлек шетелде де активтері бар / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Артур Алескеров

Қайрат Сатыбалдының анасы, марқұм Назарбаева Светлана Мырзахметқызы Қазақстанда қандай кәсіппен айналысты? KURSIVMEDIA оның активтері туралы ақпарат іздеп көрді.

Светлана Назарбаева дара кәсіпкерлікпен айналысып, «Аружан» атты компанияға иелік еткен. Бұл компания жылжымайтын мүлікті жалға беріп, басқарумен айналысты.

Одан бөлек марқұмның атында «ИНТЕРДИЗАЙН-АС» ЖШС болған. Жалға алынған жылжымайтын мүлікті субарендаға берумен айналысып келген компания 2015 жылдан бері 374,7 млн теңге көлемінде салық төлеген.

Сонымен бірге Назарбаева «Дәуір» полиграфиялық баспа кешеніне де иелік еткен. Көпшілікке танымал бұл баспа 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ашық деректерде компанияның баспа ісімен және басқа да нақтыланбаған көтерме саудамен айналысатыны жазылған. Баспа 2015 жылдан бері ел бюджетіне 3,7 млрд теңге көлемінде салық төлеген.

Мемлекеттік сатып алу порталында жеткізушісі «Дәуір» баспасы деп көрсетілген сатып алу келісімшарттары да жетерлік. Көбіне бұл баспа Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрліктерінің тапсырысын орындаған.

Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында Светлана Назарбаеваның шетелдегі активтері туралы да ақпарат тарады. Ондағы деректерге сәйкес, экс-президенттің келінінде Дубайдағы SHAMS-4 тұрғын үй кешенінде пәтері бар. Ол ұлы Қайрат Сатыбалдыұлымен көрші тұрған.

Айта кетейік, бүгін 22 қазанда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Сатыбалды Назарбаевтың әйелі Светлана Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы хабар тарады.