Ұлттық банк алаяқтық және заңсыз қызмет, соның ішінде есірткінің заңсыз айналымымен күрес мақсатында банк қызметін реттеуге елеулі өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Ұсынылған түзетулердің бірі — банкомат камераларындағы жазбаларды сақтау мерзімін 60 күннен 180 күнге дейін ұлғайту. Бұл қылмыстық істерді тергеу барысында дәлелдерді жинауға көмектеспек.
Ұлттық банктің «Ашық НҚА» порталында орналастырылған қаулы жобасында бұл өзгерістер банктердің ақпараттық қауіпсіздігін нығайту мақсатында енгізілетіні жазылған.
«Қаулы жобасы ЕДБ-нің есепті нысандарына төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған төлемдер туралы мәліметтерді, банктердің ақпараттық жүйелерінің жұмысындағы іркілістер мен тоқтап қалулар туралы мәліметтерді беру бөлігінде өзгерістерді, трансшекаралық төлемдер туралы мәліметтерді беру бөлігінде төлем ұйымдарының жаңа есептік нысандарын, сондай-ақ төлем ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігін нығайту бөлігінде қосымша талаптарды көздейді», – делінген түсіндірме жазбасында.
Сондай-ақ банктерге терминал бір сағаттан астам жұмыс істемей тұрса, бірден хабарлау міндеттеледі. Бұған дейін бұл шек үш сағат болған. Бұл өзгеріс төлем жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін техникалық ақауларға жедел жауап беруді жақсартуға бағытталған.
Тағы бір жаңалық – төлем ұйымдарының трансшекаралық операцияларын бақылауға қатысты. Жаңа есеп беру талаптары мұндай операциялардың мониторингін және ашықтығын арттырып, заңсыз қаржы ағымдарының қаупін төмендетеді.
Сонымен қатар енгізілетін өзгерістер ақпараттық қауіпсіздікке де қатысты: Ұлттық банк электронды ақша жүйелерінің операторлары үшін қауіпсіздік стандарттарын күшейтуді көздеп отыр. Бұл киберқауіптер мен деректердің таралуын болдырмау үшін қажет.