Жаңалықтар

Немістің Raiffeisen Waren компаниясы Қазақстанда трактор мен комбайн құрастыруы мүмкін

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Германияның Raiffeisen Waren GmbH компаниясы Қазақстанға ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуі мүмкін. Сонымен қатар Fendt және Valtra техникаларын Қазақстанда құрастыратын зауыт пен сервис орталығын құру мәселесі талқыланып жатыр.

Осы мақсатта «Бәйтерек» холдингі мен Raiffeisen Waren GmbH ауылшаруашылық техникасын құрастыру саласындағы ынтымақтастықты дамытпақ.

«Бәйтерек» холдингінің асқарма төрағасы Рустам Карағойшин мен Raiffeisen Waren GmbH компаниясының Бас атқарушы директоры Марио Зосе кездесіп, агроөнеркәсіптік салада стратегиялық әріптестік орнату және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырған.

Кездесу барысында тараптар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін, Қазақстан фермерлеріне заманауи ауыл шаруашылық техникасын жеткізу және қаржыландыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, Fendt және Valtra техникасын Қазақстанда құрастыратын зауыт пен сервис орталықтарын ашатын инвестициялық жобаларға ерекше көңіл бөлінбек.

Рустам Карағойшин Қазақстан мен Германияның ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестігінің маңыздылығына тоқталып, «Бәйтерек» холдингінің неміс компанияларымен ынтымақтастығының агроөнеркәсіптік сектордағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.

Ол сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» компаниясының Fendt және Valtra техникаларын лизингке берудегі мол тәжірибесін сөз еткен. Соңғы 25 жыл ішінде компания арқылы 3,9 млн еуроға 34 техника жеткізілгенін атап өтті.

Өз кезегінде Марио Зосе Қазақстанда ауылшаруашылық техникасын құрастыру зауытын құруға қызығушылық танытқан.

Бұған дейін ресейлік JSC Raiffeisenbank Астана халықаралық қаржы орталығына тіркелгені белгілі болды.