Lifestyle

Алматыда 25 қазан күні дрондар шоуын қайдан көруге болады?

Алматыда дрондар шоуы
Алматыда дрондар шоуын қайдан көруге болады? / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

25 қазан – Республика күніне орай Алматының екі үлкен алаңында дрондар шоуы өтеді. Шоу шамамен 20 минутқа созылуы тиіс.

Алматы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, мерейлі мерекеге арналған шоуды сағат 21.00-де Республика сарайының алдындағы Абай алаңында және сағат 21.30-да Төле би көшесі бойындағы «Астана» алаңында тамашалауға болады.

«Дрондар шоуының ұйымдастырушылары 500-ден астам дронды аспанға ұшырып, ұлттық мәдениет элементтері мен ел тарихындағы маңызды сәттерді бейнелейтін визуалды 3D бейнелерін жасайтын ерекше бағдарлама дайындаған. Жарық қондырғыларын ұлттық бірлік пен мақтаныш рухын айқындайтын музыкалық шығармалар сүйемелдейді», – делінген әкімдік хабарламасында.

Бұдан бөлек, мерекеге орай сағат 20:00 шамасында Көктөбе телемұнарасы мерекелік түске боялып, жарқырап тұрады. Айта кетейік, мұнарада осы жылы 31 тамызда ғана сәулеттік жарықтандыру жүйесі қосылған.

Осыған дейін 25 қазанда «Медеу» тау шатқалы мұз айдынында еліміздің мемлекеттік әнұраны шырқалып, мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтетінін жазған едік.