Жаңалықтар

Қазақстан қант қызылшасын өңдеу үшін Қырғызстаннан көмек сұрауы мүмкін

Жамбыл облысында 640 мың тонна қант қызылшасы өндіріледі / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда биыл қант қызылшасынан мол өнім түседі деп жоспарланып отыр. Ал қант өңдейтін зауыт аз. Елде небәрі 4 зауыт жұмыс істейді. Оның бірі тек қант қамысын өңдей алады. Қалған үш зауыттың егістіктерден жиналатын қант қызылшасын өңдеуге қауқары жетпейді. Осыған орай Қазақстан Қырғызстаннан көмек сұрауы мүмкін. Бұл жайлы Үкімет сағатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев айтты.

Облыс әкімінің айтуынша, Жамбыл облысының өзінде 640 мың тонна қант қызылшасын өндіру жоспарланып отыр. Қарашөкеев бұл көлемдегі қант қызылшасын зауытқа өткізу мәселесіне қатысты шаруалар алаңдаушылық білдіріп отырғанын айтты. Шаруалардан Меркі зауыты үлкен мөлшерде шикізат қаблдауы үшін арнайы келісім жасалған. Ол келісімге сәйкес, зауыт 450 мың тонна қант қызылшасын қабылдауы керек.

«Облыстағы фермерлердің алаңдаушылығын туғызып отырған мәселе – қант қызылшасын өткізу. Биыл 11,2 мың гектар аоқаптан 600 мың тоннадан астам өнім аламыз. Оның 450 мың тоннасын Меркі зауыты қабылдайды. Қант зауытымен келісілген кестеге сәйкес қабылдау мерзімі 10 қыркүйектен басталды. Бүгінгі күні зауытқа 166 мың тонна қант қызылшасы жеткізілді», – деді әкім.

Сонымен бірге өңір басшысы Меркі қант зауытына Үкімет тарапынан тиісті көмек көрсетіліп жатқанын да атап өтті. Айтуынша, зауыттың айналым қаражатын толықтыру үшін қант қызылшасын субсидиялауға АШМ-нен және Қаржы министрлігінен қолдау көрсетілген. Бірақ өңірдегі барлық шикізатты өңдеуге бір зауыттың қарқыны жеткіліксіз. Үкімет сағатында Олжас Бектенов осы мәселені көтеріп, оның қалай шешілетінін сұрады.

«640 мың тонна қант қызылшасы жиналады дедіңіз. Меркі зауытында 450 мың тонна, Ақсу зауытында 100-150 мың тонна өңделеді. Қалғанын қайда жібереміз?»,  – деп сұрады премьер-министр.

Қарашөкеев қант қызылшасы бойынша екінші таксация жасалып жатқанын, есептеу аяқталған соң, нақты артылатын көлем анықталатынын жеткізді. Артылған көлемді Қырғызстан тарапымен келісіп, сол елдің зауыттарында өңдеу жоспарланып отыр.

«Қырғызстанның ауылшарушылық министрлігімен келіссөздер жүргіздік. 1 қарашадан бастап, нақты көлемдер белгілі болады. Сол себепті шикізат артылатын болса, Қырғызстан тарапымен де жұмыстар жүргіземіз», – деді әкім.

Премьер-министр бұл мәселені бақылауды вице-министр Серік Жұманғаринге тапсырды.