Жүрісі Toyota Land Cruiser-мен бірдей, бағасы анағұрлым арзан: Қазақстан нарығына премиум санатындағы жол талғамайтын көліктің жаңартылған нұсқасы келді

Жарияланды 24 Қазан 2024 11:20

(жаңартылды 24 Қазан 2024 11:47)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Премиум санатындағы қытайлық жол талғамайтын көлік Қазақстанда таныстырылды / Фото: tank.com.kz

Қазақстан нарығына TANK 500 BLACK жол талғамайтын көлігі әкелінді. Ол премиум санатындағы автолардың бірі саналады. Шетелдік сарапшылар қытайлық темір тұлпарды Жапонияда өндірілетін Toyota Land Cruiser-мен салыстырып жатады. Себебі екеуінің санаты бір.

Қытайлық көлікке тоқталсақ. Бұл TANK 500 моделінің қосымша жинақтамасы ғана емес, аталған автоның жетілдірілген нұсқасы.

Техникалық жағына келсек, көлік қос турбоүрлемі бар, 354 ат күші мен 500 Нм айналдыру моментін беретін 3 литрлік V6 бензин қозғалтқышпен жабдықталған. 9 сатылы автоматты беріліс қорабымен де қамтылған.

Бұған қоса алдыңғы осьті қосатын электрмагниттік муфтасы бар Torque-on-Demand толық жетекті интеллектуалды трансмиссиясы, төмендетілген беріліс, алдыңғы және артқы дөңгелекаралық дифференциалдардың құлпы орнатылған.

Темір тұлпарды багы толы жанармаймен 1000 шақырым тоқтамай тізгіндеуге болады.

Бұл жолы авто сыртында бірде-бір хромдалған элемент жоқ. Бұл дизайнерлік шешімдердің бірі. Себебі өндірушілер осы арқылы көлік кейпін өзгерткісі келген іспетті.

Салонда 3 аймақтық климат-контроль жүйесі, толық «жылы пакет», соның ішінде алдыңғы әйнектің, жуғыш форсункаларының, рульдің және барлық орындықтың электржылытқышы қамтамасыз етеді.

Модельдің бағасы 28 490 000 теңгеден басталады. Бұл жаңа жапондық қарсыласының құнынан анағұрлым арзан. Алайда жоғарыда сипаттап өткеніміздей техникалық, жалпы жипаты жағынан да ұқсас.

Еске сала кетсек, Қазақстан жол талғамайтын көлік сатылымы бойынша ТОП-10 елдің қатарына кірді. Car Industry Analysis мәліметінше, Қазақстан Lexus LX, Cadillac Escalade, Cadillac Escalade ESV және Toyota Land Cruiser 300 автокөліктері сатылымы бойынша алдыңғы қатарда.

Сондай-ақ оқыңыз