Қазақстандық «Астана» футбол клубы 24 қазан күні конференция лигасының жалпы кезеңінің екінші турында Уэльстің ең атақты командасы «Нью Сейнтспен» кездеседі. Астана -Нью-Cейнтс ойыны тікелей эфирде сағат 23:50 де QazSport арнасы көрсетеді.
«Нью Сейнтс» — Уэльс тарихындағы ең көп титулға ие команда. 16 рет ел чемпионы атанған және қазіргі Уэльс чемпионы. Команда Конференция лигасының өткен матчында итальяндық «Фиорентинадан» 0:2 есебімен жеңілген болатын. Алайда ішкі чемпионатта клуб үш ойында қатарынан жеңіске жетіп, бірде-бір гол жібермеген. Соңғы кездесу, Уэльс Кубогында, «Ланголленді» 16:0 есебімен ойсырата жеңді.
«Астана» соңғы рет 22 тамызда Конференция лигасының плей-офф кезеңінде «Бранннан» 2:0 есебімен жеңіліп, еврокубоктың жалпы кезеңін Сербияның ТСЦ клубына қарсы ойында жеңістен бастады.
Айта кетейік, Конференция лигасы – Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан кейінгі үшінші еврокубоктық турнир. 2024/2025 жылғы маусымнан бастап барлық еврокубок жаңа жүйе бойынша өтеді. Алғашқы кезеңде командалар топтарға бөлінбейді, әрқайсысы алты матч (үші үйде, үші қонақта) әртүрлі қарсыластармен ойнайды. Ойындардың нәтижелері бойынша плей-оффқа қатысушылар анықталады.
«Астана» Қазақстаннан еврокубоктардың негізгі кезеңіне өткен жалғыз команда болып отыр. Ел чемпионы «Ордабасы», сондай-ақ «Тобыл» және «Ақтөбе» командалары іріктеу кезеңінен өте алмады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Антикор «Астана» футбол клубын сынға алған еді. Антикор мәліметінше 2023 жылы «Астана» ФК Қазақстандағы ең қымбат спорт клубы ретінде танылды, оның шығыны 2018-2023 жылдары 50 млрд теңгені құраған. Алайда осы уақытқа дейін клуб өз академиясы мен инфрақұрылымын салмаған. Клуб алты жыл ішінде тек футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған.