Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Мәжіліс депутаттарының сұрақтарына жауап бере отырып, тікұшақтардың жай-күйі туралы ақпарат берді.
Оның айтуынша, осы қызметке келгенде, техникалардың жай-күйі мәз болмаған. Ресейдегі тікұшақтарға қызмет көрсететін мекемелерге бәрін жөндеткенін айтты. Ал Алматыдағы тікұшақ жөндеу орны бір ұшақты 2 жылға дейін, тым ұзақ жөндейтін көрінеді. Қазіргі кезде тікұшақтардың дені жаңа.
Депутаттардың сұрағына орай, министр жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазіргі таңда министрлік, аумақтық басшылар жағынан ешқандай ақша жинау жоқ. Өздеріңіз де адамдармен сөйлесіп, біліп отырған шығарсыздар. Іс-шараларға да қаражат жиналмайды. Тіпті, туған күнге де ақша жинамаймыз», – деді Шыңғыс Әрінов.
Министр коррупцияға жол бермейміз деп айтуға жүз пайыз моральдық құқығы бар екенін алға тартты.
Шыңғыс Әрінов сақтандыру мәселесіне қатысты тәуекелдердің бәрін аутсорсингке беруге болатынын мәлімдеді.
«Батыс пен Ресейдің тәжірибесін алып, екшеп, бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Су тасқыны қаупі бар өңірлерде сақтандыру мәселесі талқыланып жатыр. Жақында оң шешімін табады. Газға қатысты да осындай шешімге келуіміз мүмкін», – деді министр.