Индонезия үкіметі Apple Inc. компаниясына iPhone 16 құрылғыларын сатуға тыйым салды. Бұл жайлы Bloomberg хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, компания инвестициялық талаптарды орындамаған. Атап айтқанда, Индонезия үкіметі PT Apple Indonesia компаниясына жергілікті қамту көлемін 40%-ға жеткізу туралы талап қойған. Алайда компания бұл талаптарды лайықты деңгейде орындамаған.
Сонымен бірге Apple компаниясы Индонезияға 1,5 триллион рупий (95 миллион доллар) көлемінде инвестиция салған. Алайда бұл көлем 1,7 трлн рупий міндеттемесінен әлдеқайда төмен.
Оңтүстік-Шығыс Азияның ең ірі экономикасы саналатын Индонезияда соңғы шыққан iPhone моделі сатылмайтын болса, компания айтарлықтай табыс көрмеуі мүмкін. Өйткені Индонезия экономикасы 1 триллион долларды құрайды. Елдегі ұялы телефон тұтыну көлемі 350 млн-нан асады. Бұл көлем 270 млн-ды құрайтын халық санынан әлдеқайда көп.
Биліктің тыйымына қарамастан, Индонезияға осы уақытқа дейін шамамен 9 мың iPhone 16 құрылғылары жеткізілген. Бірақ бұл құрылғылар ресми сатылымға шықпаған. Оларды жекелеген жолаушылар өздері шетелден сатып әкелген. Мұндай жолмен жеткізілген телефондарды жеке пайдалануға ғана рұқсат. Алайда iPhone 16 телефондарын ресми саудаға шығаруға рұқсат жоқ.