Жаңалықтар

Қайтарылған активтердің саны бар, иелері белгісіз: Қаржы министрлігі есеп берді

171 млрд. теңге – мемлекет меншігіне қайтарылған қаражат, 6,5 млрд теңге активтерді басқару мен сатудан түскен / фото: kursiv.media мұрағаты

Қазан айында Қаржы министрлігінде ашылған «Арнайы мемлекеттік қорға» түскен қаржы көлемі 177,7 млрд теңге болды. Ал басқарушы компанияның теңгерімінде әлі құны 90,3 млрд теңге болатын 254 актив бар. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Оның 171 млрд теңгесі – мемлекет меншігіне қайтарылған қаражат. 6,5 млрд теңгесі активтерді басқару мен сатудан түскен.

Бірақ заңсыз жолмен табылған активтердің кімнен қайтарылғаны ашық айтылмады. Бір анығы, биліктің бұл активтерді тәркілеуден гөрі, ерікті түрде қайтаруға мүмкіндік беріп отырғаны мәлім.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, Арнайы мемлекеттік қордың қаржысы әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ.

«Активтер әртүрлі. Компаниялардағы үлестен бастап жылжымайтын мүлікке дейін кіреді. Басқа да бағалы мүліктер бар. Негізгі мақсат – осы активтерді тиімді пайдаланып, Арнайы мемлекеттік қорға қаражат жіберу», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания активтерді игеруді ашық тәсілдермен жүргізіп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген Активтерді басқарушы компанияға берілген Басқару ережесін қатаң сақтайды.

Мемлекет меншігіне берілген активтерден басқа, басқарушы компанияның есебіне түскен активтер міндетті түрде іске асырылады. 

Активтер жалға, сенімгерлікпен басқаруға, консервациялауға, сатуға, мемлекет меншігіне және басқа тәсіл арқылы берілуі мүмкін.

«Әр шешім дербес қабылданады. Бұл жерде активтердің ерекшелігі мен нарықтағы жағдай назарға алынады. Бастысы – ашықтық пен тиімділік. Бұл үшін активтер негізінен E-Qazyna веб-порталында электронды сауда арқылы сатылады. Оған кез келген тілек білдіруші қатыса алады», – делінген министрліктің хабарламасында.  

Мұның алдында қайтарылған активтердің бір бөлігіне Ақмола мен Түркістан облыстарында спорт, музыка мектептері салынатыны жөнінде жазғанбыз.