Halyk Bank-тің бұрынғы шетелдік еншілес ұйымдары қолма-қол ақша шешіп алу үшін комиссия енгізді
«Қырғызстан Халық Банкі» ААҚ, «Москоммерцбанк» КБ (ЖШҚ) және «Казкоммерцбанк Тәжікстан» ЖАҚ банкоматтарынан Halyk Bank-тің карталары арқылы қолма-қол ақша алуға комиссия енгізді. Бұл туралы қазақстандық қаржы ұйымы хабарлады.
Айта кететіні, үш қаржы ұйымын да Halyk Bank 2022-2024 жылдары сатып жіберген.
«Жеке тұлғалардың дебеттік карталарына қызмет көрсету бойынша өзге де тарифтерге өзгерістер енгізілгені туралы хабарлаймыз», – деп жазды қаржы институты.
Карточкалардан ақша алу үшін комиссия 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап енгізіледі. Комиссия көлемі 1,5%, ең азы 1000 теңге мөлшерінде.
Halyk Bank «Казкоммерцбанк Тәжікстанды» 2022 жылдың қарашасында халықаралық банкке сатты. Мәміле сомасы 2,6 млрд теңгені құрады. Қазақстандық банк оған 2008 жылдан бері иелік еткен еді.
Бір айдан кейін ресейлік «Москоммерцбанк» КБ-ні де сатты. Бұл ретте мәміле сомасы 7,3 млрд теңгені құрады.
2024 жылдың сәуірінде «Қырғызстан Халық Банкі» акцияларының 100%-ын Visor International DMCC инвестициялық тобына кіретін консорциумға саудалады. Мәміле сомасы 38 млн долларды құрады.
Қазіргі уақытта Halyk Bank-тің шетелде екі еншілес ұйымы бар. Олар Грузиядағы «Халық Банк Грузия» және Өзбекстандағы Tenge Bank.
Halyk Bank-тің негізгі акционерлері – Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Олар ALMEX холдингі арқылы банктің 56,39%-ын иеленеді. Акцияның 23,04%-ы номиналды тұлға ретінде әрекет ететін және Лондон қор биржасында сатылатын депозитарлық қолхаттарды шығаратын Bank of New York банкіне тиесілі.