Банк пен қаржы

Италия банкі қазақстандықтарға несие беру желісін ашуға ниетті

Италияндық Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкі
Италия банкі қазақстандықтарға несие беруге ниетті / Фото: CDP

Италияндық Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкі Қазақстанда несие беру желісін ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан Сауда министрі Арман Шаққалиевпен кездесу кезінде Италия сыртқы істер министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли айтты.

Қазақстанға ресми сапармен келген Чириелли италияндық мемлекеттік банктің несие желісін Қазақстанда ашуға ниеттеніп отырғанын айтты.

«Қазақстан Орталық Азияда негізгі орынға ие және Еуропаны өңірмен байланыстырады. Екіжақты сауда көлемі едәуір өсті және біз қол жеткізілген нәтижелерге қанағаттанамыз. Қазақстанда Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкінің несие желісін ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Чириелли.

Кездесу барысында Сауда министрі Арман Шаққалиев екі ел арасында тауар айналымы туралы ақпарат бере кетті.

«2023 жылы екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы 16,1 млрд долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,8%-ға көп. Қазақстаннан Италияға экспорт 14,8 млрд долларға жетті, ал импорт 1,2 млрд долларды құрады, бұл өсімнің оң динамикасын көрсетіп отыр», – делінген министрліктің хабарламасында.

2024 жылдың алғашқы 8 айында тауар айналым көлемі одан әрі арта түскен.  Осы мерзімнің өзінде-ақ 13,8 млрд долларды құрап, қазақстандық экспорт көлемі 12,9 млрд долларға жеткен.