Алматы қаласының әкімдігі өзінің имиджін көтеруге 44,6 млн теңге көлемінде қаражат жұмсауды көздеп отыр. Әкімдік тапсырысы мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған.
Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу жөніндегі хабарландыруды «Алматы индустриялық аймағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жариялаған. Бұл тапсырысты ұтып алған әлеуетті жеңімпаз компания Алматы қаласы әкімдігінің қызметі жөнінде интернет көздерінде, БАҚ-та ақпарат жариялауы керек. Ол ақпарат қазақ және орыс тілдерінде дайындалуы тиіс. Құжаттың техникалық сипттамасында 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін 108 материал шығарылуы керек екені жазылған.
«Сатып алынатын қызметтер мыналарды қамтуы тиіс: Тапсырыс берушінің қызметі және Алматы қаласы әкімдігінің қызметі туралы Мемлекеттік және орыс тілдеріндегі
ақпараттық-талдамалық PR-материалдарды интернет-БАҚ-та, сондай-ақ әлеуметтік
желілерде оң имидж мен позициялауды ілгерілетуге ықпал ету мақсатында дайындау
және жариялау»,- делінген құжаттың техникалық сипаттамасында.
БАҚ-қа немесе сайттар мен әлеуметтік желілерге шығарылатын материалдар мынадай тақырыптарды қамтуы керек:
- Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары;
- Алматы қаласының инвестициялық мүмкіндіктері;
- Алматы қаласының экономикасы;
- Талдамалық деректер, есептер туралы ақпарат;
- Тапсырыс берушінің («Алматы индустриялық аймағы» ЖШС) рөлі туралы;
- Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Алматы қаласы әкімдігінің Алматы қаласы экономикасын дамытудағы рөлі;
- Жалпы Алматы әкімдігінің қызметі туралы.
Мұндай сипаттағы материалдар PR, R белгісі қойылмай жариялануы шарт. Яғни бұл мақалалардың жарнамалық материал екені білінбеуі керек. Сонымен бірге тапсырыс беруші талабына сәйкес, мақала жарияланған сәттен бастап интернет ресурстың мұрағатында кем дегенде 1 жыл сақталуы тиіс.
Материалдар әлеуметтік желілерге жарияланатын болса, ондай парақшаның оқырманы көп болуы қажет деген талап қойылған. Instagram үшін 1 миллион жазылушы, Телеграм каналдардың 20 мың оқырманы болуы шарт.
Бұл мемлекеттік тапсырысқа құжат тапсыру уақыты 2024 жылдың 8 қарашасына дейін созылады.