Таиланд корольдігі әуежайда төлқұжатсыз тіркелу ережелерін енгізді

Жарияланды 30 Қазан 2024 16:07

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Таиланд корольдігі әуежайда төлқұжатсыз тіркелу ережелерін енгізді
Таиланд корольдігі әуежайда төлқұжатсыз тіркелу ережелерін енгізді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Таиланд корольдігі әуежайларында биометриялық тану жүйесін енгізіп, ұшу алдындағы рәсімдеуге төлқұжат пен отырғызу талоны қажет емес.

Malay Mail басылымының ақпаратына сүйенсек, жүйе 1 қарашадан бастап Таиландтың ішкі рейстеріне қосылады. Ал халықаралық рейстер үшін жүйе 1 желтоқсаннан бастап жұмыс істей бастайды. 

Өзгеріс 5 қаладағы 6 халықаралық әуежайды қамтиды. Нақтырақ айтқанда, Бангкоктағы Суварнабхуми және Дон Муанг әуежайлары, Пхукет, Чианг Май, Чианграйе және Хатяйе қалаларының әуежайлары. 

Айта кетейік, биометрия тек бір сапар үшін жасалады. Келесі рет ұшаққа отырғанда, сәйкестендіруді қайта жасау қажет болады.

Корольдік ресми ақпаратында өзгеріс жолаушыларға қызмет көрсетудің ыңғайлылығын арттыруға және жеделдетуге бағытталғаны, күту уақытын қысқартуға және жалпы саяхат тәжірибесін жақсартуға мүмкіндік беретіні жазылған.

2024 жылдан бастап Қазақстан азаматтары Таиландта 60 күн визасыз демала алады. Ал «цифрлық көшпенді» статусын алған жағдайда 180 күн ел аумағында емін-еркін жүруге болады. Бұл негізімен тай спорты мен мәдениетін үйренуге келген азаматтарға беріледі.

Қазан айының басында Пхукет аралының билігі провинцияға келетін азаматтардың шотында 4,4 млн теңге болуы тиіс деген шектеу қоймақ болған. Алайда ереже ресми түрде қабылданған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз