Испанияда су тасқынынан Валенсия мен Кастилия-Ла-Манчада өңірлері қатты зардап шекті деп жазады El Mundo.
Су тасқыны тынбастан жауған нөсерден басталған. Табиғи апат салдарынан Валенсияның қалаларында 62 адамның қаза тапқаны анықталды. Бір адам із-түзсіз жоғалған. Кастилия-Ла-Манчада екі мәйіт табылды, тағы бес адам іздестірілуде.
Ондаған зардап шегуші өз үйлерінде оқшауланған. Зардап шеккен аудандарда электр желісі жаппай үзілген. Теміржолдарды, Валенсия әуежайын су басқан. Бірнеше рейстер тоқтатылды, көлік қозғалысы қиындады.
Испания премьер-министрі Педро Санчес теледидар арқылы сөйлеген сөзінде ондаған қаланы су басқанын айтып, халыққа әлі қауіп сейілмегенін ескертті деп хабарлайды EFE.
«Жақындарын іздеп жүргендер үшін: бүкіл Испания сіздің қайғыңызды сезінуде. Негізгі міндет – сіздерге көмектесу. Бұл ауыртпалықты еңсеру үшін барлық қажетті ресурсты пайдаланамыз», – деді ол.
Испанияның төтенше жағдайлар қызметі елдің су тасқынынан зардап шеккен аудандарына мыңнан астам қызметкерін жіберді. Сонымен қатар Испания үкіметі құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін дағдарыс комитетін құрды.
Валенсияда бұған дейін 400-ге жуық адам эвакуацияланды. 30 қазанда мектептерде сабақ беру тоқтатылды, саябақтар жабылды.
Испанияның Ұлттық метеорологиялық қызметі аймақта ауа райына байланысты «қызыл» ескерту жариялады. Синоптиктердің болжауынша, жаңбыр кем дегенде бейсенбіге дейін жалғасады.