Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: алтын бағасы аспандай түсті, Трамп жеңіске жетсе, акциялардың жайы не болмақ, Қытай ЕО-ға доқ көрсете бастады

Фото: Shutterstock

Citi Дональд Трамп жеңіске жеткен жағдайда акцияларды сатуды ұсынды. АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің өсуі мөлшерлемені төмендету циклін тоқтатуы мүмкін. Алтын бағасы ең жоғары деңгейге жақындап келеді. Осы және өзге де тақырыптар туралы 30 қазандағы әлемдік БАҚ шолуынан оқи аласыздар.

Citi сайлауда Трамп жеңген жағдайда акцияларды сатуды ұсынды

АҚШ-тағы акциялар президент сайлауының алдында өсуді жалғастыруы мүмкін. Алайда Дональд Трамп жеңіске жетсе, бұл сатуға берілген сигнал болмақ деп санайды Citi стратегтері.

Bloomberg агенттігі атап өткендей, Трамптың жеңісі көбінесе қор нарығы үшін жағымды жаңалық ретінде қарастырылады. Себебі оның корпоративтік салықтарды төмендету туралы ұсыныстары компаниялардың кірісіне оң әсерін тигізуі ықтимал.

Дегенмен Citi стратегтері S&P 500 индексін қатарынан алтыншы айға өсіріп отырған «эйфориялық көңіл-күй» оны құлдырауға мәжбүр етеді деп мәлімдеді. «Трамп пен республикашылар жеңген жағдайда болатын негізгі белгісіздіктерді ескере отырып, біз сайлаудан кейінгі кез келген раллиге күмәнмен қараймыз», – деп жазды Citi стратегi Скотт Хронерт.

Қор нарығы үшін ең оптимистік сценарий Трамптың жеңісі республикашылардың Сенат пен Өкілдер палатасында көпшілік орынға ие болуымен қатар келетін жағдай саналады. Вице-президент Камала Харристің салықтарды көтеру саясаты акцияларға жағымсыз әсер етуі мүмкін.

Алтын бағасы ең жоғары деңгейге жақындап келеді

Осы аптаның ортасына қарай алтын бағасы тарихта алғаш рет унциясына 2800 доллардан асты. Бірақ болашақта өсім «шектеулі» болуы мүмкін деп санайды Exinity компаниясының бас нарық сарапшысы Хан Тан.

«Қымбат металл инфляциядан қорғаныс және АҚШ-тағы сайлауға байланысты қауіптердің аясында сенімді орын ретінде қабылданады. Қымбат металға деген қызығушылықты алтын қорларына таза қаржы ағындарының қайта қалпына келуі және әлемдік рекордтық сұраныс растайды», – деді ол.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің сәрсенбі, 30 қазанда жарияланған есебінде шілде-қыркүйек аралығында алтынға деген жалпы сұраныс жылдық есеп бойынша 5%-ға өсіп, рекордтық 1313 тоннаға жеткені айтылған. Әлемдік алтынға деген жалпы сұраныс алғаш рет 100 млрд доллардан асты.

Қымбат металға деген ралли ең жоғары деңгейіне жақындады. Өйткені инвесторларды АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігінің өсуі де қызықтырады, деп жазды Market Watch. City Index және FOREX.com сарапшысы Фавад Разакзада алтын үшін «одан әрі өсім шектеулі болады» деп санайды. Біраз уақыт бойы АҚШ-тағы сайлауға байланысты белгісіздік қолдау көрсететін болса да, «сатып алуға ынталандыратын жаңа елеулі факторлардың болмауы» нарықта жақын арада түзету мүмкін екенін білдіреді, деп санайды сарапшы.

Алдын ала бағалау: АҚШ ЖІӨ үшінші тоқсанда 2,8%-ға өсті

Сәрсенбіде АҚШ Сауда министрлігі жариялаған үшінші тоқсанның алдын ала бағалауы бойынша ЖІӨ жылдық көрсеткіште 2,8%-ға өскені байқалды. Reuters сауалнамасына қатысқан экономистер ЖІӨ-нің 3%-ға өсуін болжаған еді. Алайда бұл өсім қарқыны ФРЖ-ның «инфляциясыз өсу» деп санайтын 1,8% көрсеткішінен айтарлықтай асып түсті.

Сонымен қатар АҚШ-тағы экономикалық белсенділіктің үштен екісінен астамын құрайтын тұтынушылық шығындар 3,7%-ға өсті. Бұл 2023 жылдың алғашқы тоқсанынан бергі ең жоғары көрсеткіш деп жазды Reuters. Сонымен бірге инфляция күрт баяулады, бұл рецессия болжамдарына қайшы келіп отыр.

«АҚШ экономикасы толық қуатпен жұмыс істеуде және егер айтарлықтай сыртқы соққы немесе ішкі саясатта қателік болмаған жағдайда, жылды жоғары нәтижемен аяқтауға дайын», – деп атап өтті RSM бас экономисі Джо Брусуэлас.

Тұтынушылық шығындарға тұрақты еңбек нарығы қолдау көрсетіп отыр. Егер осындай жағымды мәліметтер жалғасын тапса, ФРЖ желтоқсанда мөлшерлемені төмендетуден бас тарту мүмкіндігін «абайлап қарастыруы» мүмкін. Дейді Oxford Economics компаниясының АҚШ бойынша бас экономисі Райан Свит.

Қытай BYD мен Geely компанияларынан ЕО-ға инвестициялауды тоқтатуды талап етті

Asia Financial хабарлауынша, Қытай билігі BYD және Geely электрмобиль өндірушілерінен Еуропалық Одақтың қытайлық электрмобильдерге баж салығын қолдайтын елдерге инвестициялауды тоқтатуды талап етті. Еске сала кетейік, сәрсенбіде ЕО Бейжіңмен ұзақ келіссөздерден кейін тарифтерді бекітті.

Тікелей тыйымды Қытай Сауда министрлігі компания өкілдерімен өткізген кездесуде жариялады. Жиналысқа қатысушыларға сондай-ақ баж салығын көтеру бойынша дауыс беру кезінде қалыс қалған елдерге инвестициялауда сақ болу ұсынылды.

Шешімді ЕО-ның он мүшесі, соның ішінде Италия, Франция, Нидерланд және Дания «қолдады». Тағы он екі ел, соның ішінде Бельгия, Грекия, Испания және Швеция қалыс қалды. Ал бес мемлекет, соның ішінде Германия мен Венгрия қарсы дауыс берді. Қытай шенеуніктері дәл осы қалыс қалған елдерге инвестицияларды ынталандыруда қолдау көрсеткен болатын. Биліктің талабы BYD, Geely, SAIC және Chery кәсіпорындарының экономикасына әсер етуі мүмкін. Италия, Франция және Испания қытайлық автокөлік өндірушілер SAIC және Chery компанияларымен өз аумағында кәсіпорындар ашу мүмкіндігін талқылады. Бұған қоса, BYD қазірдің өзінде тарифтерге қарсы дауыс берген Венгрияда зауыт салып жатыр.