Жоғары пайыз бен сұраныс әсер етеді: Қазақстан банктері үшін 2025 жыл да табысты болмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан үкіметі 2025 жылы салық көлемін арттыруды жоспарлап отырғанымен, келер жыл банктер үшін табысты болмақ. Халықаралық Fitch Ratings агенттігі осындай болжам жасайды.

Банктердің табысының артуына әдеттегідей қымбат кредит мен халықтың бөлшек несиеге деген сұранысы себеп болмақ. Агенттік елдегі базалық мөлшерлеме 14,25%-ға дейін төмендегеніне қарамастан, кредиттің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болып тұрғанын атап өтеді.

«Ұлттық банк статистикасына сәйкес, 2024 жылдың 9 айында теңгемен берілетін несиенің орташа пайыздық ставкасы шамамен 100 базис пунктке өсті. Бұл несиеге деген жоғары сұраныс сақталып отырғанын байқатады. Ал теңгедегі мерзімді депозиттер бойынша тұрақты ставкалар банктердің таза пайыздық маржа алуына ықпал етеді, 2024 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш жылдық 8%-ды құрады», – делінген агенттіктің мәлімдемесінде.

Егер КТС салығы артса, банктер бұл шығынды қызмет комиссиясы құнын көбейту арқылы тұтынушылардың мойнына артуы ықтимал. Fitch Ratings келер жылы банктердің таза пайдасы 2023-2024 жылдармен салыстырғанда азырақ болуы мүмкін екеніне де назар аударады.

Өйткені оңды-солды кредит таратқан банктердің актив сапасы нашарлауы ықтимал. Тұтынушылық несиені көзсіз алғандар борышын уақытында қайтармай, сапасыз несиенің қатарын толықтырады. Пайызы жоғары, қайтару мерзімі қысқа несиелер борышкердің қалтасына салмақ түсіреді.

Дегенмен кредит нарығы «күйіп» кетпес үшін парламент мамырда арнайы заң қабылдап, жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салды. Одан бөлек, несиесін 3 ай бойы төлемегендерге жаңа несие берілмейді. Банктер мен микроқаржы ұйымдарына 2026 жылдың мамырына дейін несиесін уақтылы төлемегендердің борышын коллекторларға өткізуге тыйым салынды.

«Бұл шаралар бөлшек несие өсімін баяулатып, банктердің тиімділігін шектейді. Сонымен қатар банктердің тұтынушылық несие беруге деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін, ал сектор бойынша орташа тәуекел құны 2025 жылы шамамен 2% деңгейінде тұрақтанады», – деп болжап отыр Fitch Ratings.

Қазақстандағы 21 екінші деңгейлі банк 8 айда 1,6 трлн теңге таза пайда тапқан.Екінші деңгейлі банктердің жалпы активі 57,8 трлн теңгеден асса, несие портфелі 33 трлн теңгеге тең. Соның ішінде 1,8 трлн теңге несие – мерзімі өткен қарыз. Өтелмегеніне 3 айдан асып кеткен борыш көлемі 1 трлн теңгеге тең.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банктерге салынатын корпоративті табыс салығын 25%-ға дейін көтеруді қолдамайтынын білдірген.

Сондай-ақ оқыңыз