Жаңалықтар

Қазақстан Starlink интернетіне қашан толық қосылады?

Фото: shutterstock

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан Starlink жүйесіне қашан толық қосылатынын айтты.

Министрдің мәліметінше, қазір пилоттық жоба аясында ауылдардағы 1800 мектеп осы жүйеге қосылған. Пилоттық жоба 2026 жылға дейін жалғасады.

Журналистер министрден бұл жүйе мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіретіндіктен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті толық қосылуға рұқсат бермей отыр ма деп сұрады.

«Расында Starlink-ті пилоттық жобадан тыс қолдану мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетімен жүйенің қауіпсіздігіне байланысты әлі де талқы жүріп жатыр», – деді ол.

Министрдің айтуынша, Starlink компаниясына елдегі қызметін жалғастыру үшін пилоттық жоба яқталған соң, жерүсті станцияларын салуы қажет. Өйткені пилоттық жобадан кейін, арнайы инфрақұрылымсыз әрі қарай жұмыс істей алмайды.

«Жерүсті станциялары, түйісу станцияларына қойылатын арнайы талаптар бар. Сондықтан әзірге келіссөз жүргізіліп жатыр. Келіссөз аяқталғанға дейін Қазақстанда Starlink-ті коммерциялық негізге пайдалануға тыйым салынған. Оларды сатуға, халыққа ұсынуға болмайды», – деді министр.

Қазақстан 1800 мектепті Starlink интернетімен қамтамасыз етуге 5 млн доллар төлеп отыр. Қазір бір терминал құны шамамен 2,5 мың доллардан асады.

2024 жылдың жазында Мадиев Илон Масктың интернеті Қазақстанда жаппай қолданысқа енгізіледі деп айту ерте деген. Ол Starlink-тен басқа да шешімдер бар деп тұжырымдайды.

Десе де «осы технологиялық шешімдерді енгізуге деген ұмтылыс пен ұлттық қауіпсіздік» арасында тепе-теңдік сақталуы керек екенін атап өтті.

SpaceX компаниясы Starlink жаһандық спутниктік желісін 2019 жылы орбитаға шығарған.