Қазақстан 2024 жылдың соңына дейін 88 млн тоннадан астам мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.
«Өндіріс көлемі 88 млн тоннадан асады. Бірақ бұл біз бұрын жоспарлаған 90,5 млн тоннадан аз», – деді Сәтқалиев кулуарда тілшілерге.
Министрдің айтуынша, соңғы өндірістік деректерге ауа райы факторы, сондай-ақ «Қашағандағы» жөндеу жұмыстарының мерзімінен бұрын аяқталуы әсер етеді.
Осыған дейін Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан 2024 жылы 90,3 млн тонна мұнай өндіреді деп хабарлаған еді. Алмасадам Сәтқалиев 2023 жылдың соңына қарай республикада 90 млн тонна «қара алтын» өндірілгенін жеткізген. Бірақ бастапқыда көрсеткішті 93 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.
Айта кететіні, «Қашаған» кен орнында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, мұнай өндіру басталған болатын.