Қазақстан мұнай өндіру көлемін 100 млн тоннаға жеткізбекші. Бұл жайлы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан.
«Кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі үш есе артты. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстан мұнай өндіру қарқыны жоғары мемлекеттердің үздік бестігіне кірді. Болашақта біз бұл межені жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отырмыз», – деді Тоқаев
Сонымен бірге президент Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы әлеуетіне тоқталды. Мемлекеттің уран өндіру бойынша әлемде көшбасшы елдер қатарында тұрғанын, Қазақстанда ядролық отын циклі толықтай жұмыс істейтінін айтты.
«Жақында өткен референдумда халық Қазақстанда бірінші атом электр станциясының құрылысын қолдады. Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздігімізге ұзақ мерзімді инвестиция саналады. Қазір бұл жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді президент.