Қазақстан 2025 жылы ғарышқа отандық зымыранды ұшыруды көздеп отыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Спутник
Бірінші «Союз-5» зымыран тасығышын ұшыру 2025 жылға жоспарланған / Роскосмос, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан 2025 жылы ғарышқа өз зымыранын ұшырады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев осындай жоспар тұрғанын айтты.

Министрдің айтуынша, «Бәйтерек» Қазақстан зымыран кешенінің жұмысы қайта жанданған.

«Бірінші «Союз-5″ зымыран тасығышын ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Коммерциялық бағытта зымыран ұшыру 2028 жылға жоспарланған. Үш жыл бойы тестілеу режимінде зымырандар ұшырылады», – деді Жаслан Мәдиев Сенатта.

Министр қазір отандық зымыранды ғарышқа шығару мәселесі жан-жақты пысықталып жатқанын айтады. Сондай-ақ ғарыш саласында жүзеге асып жатқан бірқатар жобаларға тоқталды.

«2029 жылға қарай спутниктік байланыс және ТВ-хабар тарату желілерінің үздіксіз сервисін қамтамасыз ету үшін KazSat-3 спутнигін ауыстыру жоспарланған. Жобалау алдындағы жұмыстар жүріп жатыр,  жаңа жерсерікті құру туралы  келісімшартқа қол қою 2025 жылға жоспарланған»,- деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы Қазақстан Жерді қашықтықтан зондтау үшін тағы үш жерсерік жасауға келісімшартқа қол қойғанын, оларды іске қосу 2027 жылға жоспарланғанын атап өтті. Моңғолиямен спутник өндіруде экспортқа келісімшартқа қол қойылғанын да мәлімдеді.

«Зымыран тасығыштың материалдары мен компоненттерін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Қатты зымыран отынының прототипі жасалды. Метеорологиялық зымыранды ұшыру 2025 жылы және аса жеңіл зымыранды сынау 2030 жылға жоспарланған», – деді Жаслан Мәдиев

Министр спутниктерді экспорттауға қатысты да алдағы жоспарын айтты. Сөзіне сенсек, қазір Қазақстан спутникті экспорттауға қатысты екі елмен келіссөз жүріп жатыр.

«Жер серіктерін құруда Моңғолия және басқа да елдер қарастырылуда. Бұл қай мемлекеттер екенін дәл қазір жариялауға жатпайды, өйткені келіссөз рәсімі жүріп жатыр. Ресми түрде жариялауға ерте, оның себебі спутник өндіретін басқа елдер өз ұсыныстарымен кедергі келтіруі мүмкін. Тек құжатқа қол қойғаннан кейін жариялайтын боламыз»,-деді министр Сенат кулуарында.

Сондай-ақ оқыңыз