Жаңалықтар

Үкімет қант импортына шектеу қоймақ

Бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды / фото: kursiv.media мұрағаты

Бұдан былай мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар қантты тек қана отандық мекемелерден сатып алатын болады. Ел ішінде ұсынушылар болмаған жағдайда ғана, басқа елдерден әкелінуі мүмкін. Үкімет осындай міндеттеме қоймақ.

Бұл бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. 15 қарашаға дейін талқылауға түсуі тиіс.

«Қантты мемлекеттік сатып алу қант өндіретін отандық мекемелердің арасында іске асырылады. Ұсынылған өтінімдер жоқ болғандықтан мемлекеттік сатып алу жүзеге аспады деп танылған жағдайда, мұндай мемлекеттік сатып алулар осы Ереженің 12 тармағына сәйкес жүзеге асады», – делінген бұйрық жобасында.

Бұйрық Ұлттық экономика министрінің 21 қазандағы тапсырмасы бойынша әзірленіпті.

Биыл шілде айында Ауыл шаруашылығы министрлігі қант өндірісін арттыруды көздеп отырғанын жария еткен-ді. Өйткені елдің импортқа тәуелділігі 50%-ға жеткен. Бұл жоспар бойынша, 10%-ға дейін қысқаруы тиіс. Осы мақсат үшін жаңа зауыттар салынып, фермерлерге субсидия қарастырылмақ. Шикізат әкелуге квота да беріледі. Жамбыл және Павлодар облыстарында тағы да екі зауыт салу жоспарланып отыр. Сонда 300 мың тоннаға дейін қант өндіру мүмкін болады.

Әзірге елімізде төрт қант өндіруші бар. «Ақсу қант», Мерке, Тараз және Көксу зауыттары ішкі сұраныстың тек қана 44%-ын қанағаттандырып отыр. Қалған қант көлемі Ресей мен Беларусьтен келіп жатыр.

Былтыр елімізде 223,1 тонна қант өндіріліпті. Оның 68,1 мың тоннасы қант қызылшасынан, 155 мың тоннасы қант құрағынан алынған.