ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президенті Александр Вучичке көңіл айтып, жеделхат жолдады. Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалында болған оқыс оқиғадан бірнеше адам қаза тапты. Соған байланысты осы елде үш күн бойы қаралы күн жарияланды.
«Осындай ауыр сәтте достас Сербия халқының қайғы-қасіретіне ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өз атымнан Сізге, жақындарынан айырылған отбасыларға қайғыра көңіл айтамын. Оқыс оқиғада бақилық болғандардың туыстарына сабыр, ал зардап шеккен жандардың тез арада сауығып кетуін тілеймін»,– деді Президент.
1 қарашада Вокзал сыртында демалып отырған адамдардың үстінен бетон шатыр құлап түсті. 14 кісі ауыр жарақат салдарынан қаза тапты. Олардың арасында екі бала бар. Тағы оншақты адам жарақат алған. Оқиға орнына жедел жәрдем мен құтқарушылар бригадасы келді.
Вокзал ғимараты 2021 жылы жаңғыртылған. Биыл тағы да жөнделіп, 5 шілдеде ресми түрде ашылды. Бірақ бетон шатыр жөнделмеген.
Осыған байланысты Премьер-министр Милош Вучевич 1964 жылы салынған ғимаратты қалыпты жағдайда ұстауға жауаптылардың барлығы жауапқа тартылғанын ескертті.