Жаңалықтар

KEGOC компаниясы 2024 жылдың І жарты жылдығына 22,7 млрд теңге дивиденд төледі

KEGOC дивиденд
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

KEGOC электр желілері операторы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы нәтижесінде акционерлеріне 22,7 млрд теңге дивиденд төледі. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында жазылған.

11 қазанда өткен акционерлердің кезектен тыс жиналысының шешімімен «KEGOC» АҚ 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза пайданың 64,5%-ын дивиденд төлеуге бөлген. Төленген дивиденд сомасы – 22,7 млрд теңге. Бұл 1 қарапайым акцияға шаққанда – 82,40 теңге.

Дивидендтер алуға құқығы бар акционерлер тізілімі 2024 жылғы 28 қазанда жасалған. «KEGOC» АҚ акционерлеріне жылына 2 рет дивиденд төлейді. Былтыр компания дивиденд саясатын жаңарартқан, соған сәйкес компания таза табысының кем дегенде 60 пайызын дивиденд төлеуге жұмсайды.

KEGOC компаниясының 2024 жылдың алғашқы алты айындағы қаржы көрсеткіштері айтарлықтай өскен. Ұлттық оператордың аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, таза кірісі 35,2 млрд теңгені құраған, бұл өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 53%-ға артық.

2023 жылдың І жартыжылдығында KEGOC 23,0 млрд теңге таза пайда тапқан болатын. Компанияның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» қоры, ол ұлттық оператордың 85% акциясына иелік етеді.