Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатында 17 жүлде алып, 73 мың доллар табыс тапты

Жарияланды 4 Қараша 2024 08:38

(жаңартылды 4 Қараша 2024 08:38)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Төрехан сабырхан бокс бойынша әлем чемпионы / фото: olympic.kz

Қазақстандық боксшылар Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 17 жүлде алып, 73 000 доллар табыс тапты. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады.

Жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның құрамасы жалпы алғанда 17 медаль иеленді: 6 алтын, 1 күміс және 10 қола. Бұл сайысқа қатысқан жеңімпаздар мен жүлдегерлер үшін Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) арнайы ақшалай сыйақы тағайындады: «алтын» үшін – 8 000 доллар, «күміс» үшін – 4 000 доллар, ал «қола» үшін – 2 000 доллар. Сондай-ақ, ширек финалистерге 1 000 доллар көлемінде сыйақы қарастырылған.

Жастар арасындағы әлем чемпиондары болып Бексұлтан Боранбек (51 кг), Торехан Сабырхан (67 кг), Өнер Сейілхан (71 кг), Санжаралы Бегалиев (75 кг), Елянұр Тұрғанова (50 кг) және Аружан Зейнуллаева (81 кг) танылды.

Күміс медальды Улдана Таубай (66 кг) иеленді. Ал қола жүлдегерлер қатарында Диас Берікбай (48 кг), Жансері Көшербаев (57 кг), Расул Асанханов (92 кг), Аслан Елдібайұлы (92+ кг), Әнел Әбдрасилова (48 кг), Бағжан Отынбай (52 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг), Аружан Жанабаева (63 кг), Шұғыла Нәлибай (75 кг) және Панар Сейтханқызы (81+ кг) болды.

Осылайша, алтын медальдарға ие болған қазақстандық боксшылардың жалпы табысы 48 000 долларды құрайды, күміс медаль үшін 4 000 доллар, қола медальдар үшін 20 000 доллар беріледі. Сонымен қатар, ширек финалға жеткен бір қатысушы 1 000 доллар алады. Жастар арасындағы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылардың жалпы табысы 73 000 долларды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз