Елена Рыбакина WTA финалдық турнирінде екінші рет жеңілді

Жарияланды 5 Қараша 2024 08:54

(жаңартылды 5 Қараша 2024 08:54)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Елена Рыбакина WTA финалдық турнирінде екінші рет жеңілді / фото: KTF.kz

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында 2024 жылғы WTA маусымдық финалдық турнирі өтіп жатыр, оған маусымдағы ең мықты сегіз теннисші қатысып отыр. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина топтық кезеңдегі екінші кездесуінде Қытай өкілі Чжэн Циньвэньге қарсы өнер көрсетіп, жеңіліске ұшырады. Бұл туралы теннис федерациясы хабарлады.

Матч нәтижесі 6:7 (4:7), 6:3, 1:6 болып аяқталды. Екі сағат 24 минутқа созылған кездесуде Рыбакина сегіз эйс жасап, бір қос қателік жіберді және алты брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Чжэн Циньвэнь алты эйс жасап, бес қос қателік жіберді, сондай-ақ 13 брейк-пойнттың төртеуін орындап үлгерді.

Енді соңғы ойында Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен кездеседі, ал Чжэн Жасмин Паолиниге қарсы ойнайды. Бұған дейін топтық кезеңнің алғашқы кездесуінде Рыбакина италиялық Жасмин Паолиниден (WTA рейтингінде 4-орында) жеңіліс тапқан еді.

Еске сала кетейік, ұзақ үзілістен кейін бұл Рыбакинаның алғашқы ірі турнирі, сондай-ақ жақында қазақстандық теннисші өзінің жаңа бапкерін де таныстырды.

Сондай-ақ оқыңыз