Александр Чукреев пен Николай Чукреевке тиесілі «RETAM жылжымайтын мүлік инвестициялық қоры» акционерлеріне 1,4 млрд теңге дивиденд төлемек. Инвестициялық қор Алматы мен Өскемен қаласында орналасқан сауда орталықтарын жалға берумен айналысады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламада жазылған.
1,4 млрд теңге дивиденд компанияның 2024 жылдың І тоқсандағы қызмет нәтижесі үшін төленбек. Соның 1,162 млрд теңгесі – жай акциялар бойынша төленеді. Әр акцияға шаққанда 160 мың теңгеде айналады. Ал 242 млн теңгесі артықшылығы бар акциялар үшін төленеді. 1 акцияға 100 мың теңге көлемінде дивиденд есептеледі.
Компанияның 2023 жылғы аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, 90 пайыз акциясы Чукреев Александрға тиесілі болса, 10 пайызына Николай Чукреев иелік етеді. Қаржы есептілігі депозитариінде қос азаматтың бір-біріне қатысы бар екені жазылған.
Қазақстан қор биржасындағы мәлімет бойынша, жылжымайтын мүлік инвестициялық қоры 2024 жылдың І тоқсанында 1 млрд теңгеден аса таза пайда алған. Ал 6 айдағы таза пайдасы 2,3 млрд теңгені құраған.
Ал 2023 жылғы таза пайдасы 2,36 млрд теңгеге жетті. Аудиторлық есепте компания Алматы қаласындағы ойын-сауық орталығы мен Өскемен қаласындағы сауда орталығын жалға беретіні жазылған. Алматыдағы ойын-сауық сауда орталығын жалға беруден компания былтыр 5 млрд теңгеге жуық кірісі алған. Ал Өскемендегі сауда орталығынан 916 млн теңге кіріс түскен.
RETAM қоры акционерлері салған қаржыны жылжымайтын мүлікке инвестициялаумен, сауда орталықтарын жалға берумен айналысады. Компанияның жиынтық активтері 14,9 млрд теңге болса, міндеттемелері 10 млрд теңгені құрайды.
Компания негізгі акционерінің есімі ең дәулетті кәсіпкерлердің қатарына енген – Александр Чукреевпен сәйкес келеді. Чукреев биыл ең дәулетті 75 кәсіпкердің қатарына енген. Оның байлығы 290 мың долларға бағаланады.