Нұрлан Нығматулиннің бауыры басқарған «Шахтер» футбол клубының қарыздарын кім жапты?

Жарияланды 6 Қараша 2024 15:09

(жаңартылды 6 Қараша 2024 16:28)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Арғын Нығматулин ФК Шахтер
Нығматулиннің бауыры басқарған «Шахтер» футбол клубының қарыздарын кім жапты? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев өңір намысын қорғайтын «Шахтер» футбол клубын басқару құқығы Арғын Нығматулинге уақытша берілгенін айтты.

Әкімнің сөзінше, осыған дейін 5 жылға футбол клубы Арғын Нығматулинге сенімгерлік басқаруға берілген. Ол – 2006-2009 жылдар аралығында Қарағанды облысының әкімі, 2016-2022 жылдар арасында мәжіліс төрағасы болған Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы.

Бөлекпаев сенімгерлік басқару мерзімі аяқталғаннан кейін келісім күші жойылып, басқару құқығы әкімдікке қайта оралғанын айтты. Оның сөзінше, клубтың біршама берешегі болған. Әкімдік демеушілердің көмегімен қарыздарды жапқан. Алайда әкім берешекті жабуға нақты қандай бизнес өкілдері тартылғанын айтпады.

Облыс әкімі клубты дамыту үшін оны жекешелендіру мәселесін қарастырып жатқанын айтты.

«Болашақта өңірдегі (Сарыарқа – авт) хоккей клубында, (Шахтер – авт) футбол клубында жекешелендіру мәселесін қарастырамыз. Осыған дейін сенімгерлік басқаруға да беріп көрдік. Сондықтан жан-жақты талқылап, бизнеске айналдыру мәселесін де көздейміз», – деді облыс әкімі Бөлекпаев Орталық коммуникациялық қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұдан бөлек, өңірде футболды дамыту үшін Қарағанды, Балқаш және Теміртау қалаларында клуб жанындағы академия құру жоспарлаған. 

Айта кетейік, 4 қарашада Бөлекпаев «Шахтер» футбол клубын сынға алып, легионерлермен қоштасуға тапсырма берген.

Сондай-ақ оқыңыз