Депутат Еділ Жаңбыршин немересін жекеменшік бала-бақшаларға беруге қорқады. Айтуынша, балабақшалардағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Сол үшін депутат мұндай мекемелерге талапты күшейтіп, лицензиялауды ұсынып отыр.
«Балабақшалардағы зорлық-зомбылық туралы жаңалықтардан жиі көреміз. Бұл тоқтайтын емес. Депутаттар тобы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау туралы бастам көтерді. Бірақ үкіметтен бұл бастамамыз қолдау таппады. Министрліктің лицензиялауға қолдау білдірмеуінің негізгі аргументтерін атап өтсеңіз»,- деді депутат мәжіліс отырысында.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балабақшаларға қатысты талаптардың күшейтіліп, лицензияда қарастырылатын талаптармен сәйкестендірілгенін айтты. Сондай-ақ жекеменшік иелерінің балаларды бала-бақшамен қамтудағы рөліне тоқталып, бүлдіршіндерге жақсы білім беріп отырған мектепке дейінгі ұйымдардың бар екенін айтты.
«Балаларды балабақшамен қамтуда жекеменшік мекемелердің үлесін жоққа шығармау керек. Сондықтан лицензиялау мәселесінде асықпаған жөн. Депутаттардың ұсынысына 2026 жылға қарай қайтып келеміз деп ойлаймын. Өйткені бұған дайындық керек. Кәсіпкерлерді дайындау керек. Қазіргі таңда жекеменшік балабақшаларға қатысты талап күшейтіліп, лицензияда қарастырылатын талаптармен сәйкестендірілді. Сонымен бірге мен баллалар қауіпсіздігіне қатысты бизнес иелерімен кездесіп, тәртіп пен сапаға мән беруді талап етіп жатырмын»,- деді Бейсембаев.
Жаңбыршин бұл салаға жыл сайын 800 млрд теңге жұмсалатынын, ол ақшаның қайда және қалай жұмсалып жатқаны белгісіз екенін айтты. Сонымен бірге миллиардтаған қаражат бөлінетіндіктен, мемлекекеттің жекеменшік сектордан қауіпсіздік пен білім сапасын талап ете алатынын атап өтті.
«Қазір кім көрінген балабақшаны ашып алды. Психологиядан, педагогикадан мүлде хабары жоқ адам балаларға тәрбие беріп жатыр. Олар қандай тәрбие, қандай сабақ береді? Бизнесті қорғаймыз деп бала қауіпсіздігін шетке ысырып қоюға болмайды. Миллиардтаған ақша бөлініп жатыр. Ал біздің балаларымыз балабақшадан таяқ жеп, дұрыс білім алмай келеді. Сондықтан лицензиялауды тездетіп енгізу керек. Бірінші бизнестің емес, баланың мүддесі қорғалуы керек»,- деді Жаңбыршин.
Сонымен бірге депутат балаға білім беретін нысандардың бәрін Кәсіпкерлік Кодекстен алып тастауды ұсынды. Мұндай мекемелерді прокуратура кез-келген уақытта тексеріп бара алатындай жағдай жасалуы керек деп санайды.