Jusan bank қор биржасына 100 млрд теңгеге 10 жылдық облигацияларын орналастыратыны хабарлады. Бұл – 2020 жылдан бергі бесінші шығарылым. Түскен қаражатты банк қаржы ресурсын арттыруға жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл туралы қаржы ұйымының КursivMedia сауалына берген жауабында жазылған.
Бұл жолы 1 данасы мың теңге тұратын 100 миллион бағалы қағаз орналастырылады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 8% құрайды. Бұл мөлшерлеме облигациялардың бүкіл айналым мерзіміне бекітілген.
«Облигацияларды орналастырудан түскен қаражат қорландыруды арттыруға, соның ішінде тартылған қаражат көздлерін әртараптандыру мен мерзімін арттыруға бағытталады», – деп атап өтті Jusan bank.
Соңғы рет Jusan bank облигацияларын 2020 жылы орналастырған. Бұл 5 жылдық облигациялардың жылдық мөлшерлемесі – 9% еді. Шығарылым көлемі де 100 млрд теңгені құрады. Алайда қазір бұл облигациялардың саудасы тоқтаған. Банк бағалы қағаздардың мерзімінен бұрын, яғни 2024 жылдың сәуірінде өтеген. Өйткені Jusan bank мемлекеттен алған көмегінің бір бөлігін мерзімінен қайтару үшін «Самұрық-Қазына» қорынан бүкіл облигацияларын кері сатып алған.
Ал соңғы шығарылым – 300 млрд теңге алтыншы облигациялық бағдарлама аясындағы алғаш орналастырылған облигациялар. Бұған дейінші шығарылымдарды есепке алмағанда, қазір Jusan банкінде 16 облигация шығарылымы бар.
Jusan bank қазір актив көлемі бойынша елдегі үздік 6 банктің қатарына кіреді. 1 қазандағы жағдай бойынша банк активтері 3,3 трлн теңгеден асты.
Былтыр жазда банк Ғалымжан Есеновтың иелігіне толық өтті. Оның банктегі үлесі 97%-ға дейін жеткен. Кәсіпкер First Heartland Securities арқылы банк акцияларының 77,86%-ын иеленсе, қалған бөлігі 19%-ы – тікелей өзіне тиесілі.