Toyota компаниясының табысы төмендеді: өндіріс қысқарып, сұраныс азайды

Жарияланды 7 Қараша 2024 13:44

(жаңартылды 7 Қараша 2024 13:45)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Toyota табысының төмендеуіне не себеп? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Toyota екінші тоқсанның қаржы есебін жариялады. Компания кейінгі екі жылда алғаш рет табысының төмендегенін хабарлады, деп жазды Reuters.

Соңғы деректер сатылымдар мен өндірістің баяулағанын көрсетеді. Бұған қоса Америка Құрама Штаттарында компанияның екі моделінің жеткізілімі тоқтатылған. Сонымен қатар өндіруші Қытайда қатаң бәсекелестікке тап болды.

Жапондық автоөндірушінің операциялық кірісі шілде-қыркүйек айларында 14%-ға, 7,9 млрд долларға дейін төмендеді. Бұл 2022 жылдан бері ең үлкен құлдырау саналады. Компания автокөліктерінің жаһандық сатылымдары өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға, ал өндіріс көлемі 7%-ға азайды.

Toyota-ның АҚШ-тағы гибридті көліктер желісін кеңейтуі жағдайды түзетуі мүмкін. Шілде-қыркүйек айларында гибридтер Toyota-ның жаһандық сатылымының 41% үлесін құрады. Осылайша өндіруші жалпы саны 1,1 млн көлік сатты. Соның ішінде люкс санатындағы Lexus маркасы бар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 33%-дан жоғары. Дәстүрлі автоөндірушілер арасында Toyota электр көліктерге көшудегі ең баяу компаниялардың бірі болып саналады. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында әлемдік электрокарлар сатылымындағы оның үлесі небәрі 1,5%-ды құрады.

Еске сала кетсек, тамызда Toyota акциялары құлдырады. Toyota мен Nissan-ға әлемдік сұраныс төмендеді. Қос компанияда өндіріс қысқарып, қытайлық авто өнеркәсіппен қатаң бәсекелестікке түсуге тура келді.

Сондай-ақ оқыңыз