Депутат Асхат Аймағамбетов бюджет тапшылығына белгілі бір дәрежеде бюджет заңнамасы себеп болып отырғанын мәлімдеді. Айтуынша, Үкімет пен Қаржы министрлігі өз өкілеттіктерін еркін пайдаланады. Бұл жайлы депутат өзінің телеграм парақшасында жазды.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілері тым дербес
Аймағамбетов бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері нақты ережелерді сақтамайды және кеткен қаражатқа толыққанды есеп бермейді. Олардың дербестігінің нәтижесінде тапшылық пайда болып, бюджет тиімділігі төмендеген. Сондай-ақ үкімет өз қалауынша бюджетке өзгеріс енгізіп, қазына қаражатын еркін пайдалануы жағдайды күрделендіре түскен. Яғни үкімет бюджет қаражатын жұмсауда парламентпен санаса бермейді.
«Енді үкімет бұрынғы кездегідей емес, бюджетті парламентте нақтыламайды. Оларға бұл қажет те емес. Өйткені осы тәсіл оңай әрі көп сұрақ туындамайды. Барлық мәселені сахна артында шеше салады. Үкімет өз еркімен бюджетке жылына 8-10 рет өзгеріс енгізе алады. Нәтижесінде Парламент қабылдаған бюджет, алғашында бекітілген міндеттер мен мақсаттардан ауытқып, адам танымастай өзгеріп кетеді»,- дейді депутат.
Министрліктердің бюджет қаражатын еркін пайдалануы нәтижесінде қаражаттың нысаналы мақсаты өзгереді. Яғни нақты бір ереже болмағаны себепті, осындай олқылықтарға жол беріледі. Енді Бюджет кодексі өзгертіліп, бюджет қаражатын жұмсауда министрліктердің өкілеттігі кеңеймекші. Депутат мұндай дербестіктің қаупі жоғары болатынын ескертті.
«Есепсіз, өлшенбейтін, міндеті түсініксіз, мықты мамандарсыз және қалыпты мемлекеттік жүйе жоқ жерде автономдық өкілеттік беруді өте қауіпті деп санаймын. Яғни ішкі басқару мен бақылау тетіктеріне өзгеріс енгізбей, мәселені сырттан шешу мүмкін емес. Бұлай жалғаса берсе, алдағы уақытта Парламентте әр министрлікке жалпы сома көлемінде бюджет бекітіліп, министрліктер ол соманы өз қалауынша өзгерте алатын жағдайға жетеді. Солайша бірте-бірте бюджетті бекіту тетігі қажет болмай қалатын секілді»,- дейді Аймағамбетов.
Ұлттық қор қаражаты да еркін пайдаланылады
Депутат Ұлттық қордан аударылатын трансферттердің де еркін пайдаланылып жатқанын атап өтті. Айтуынша, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер үкімет тәбетін тежеуі керек болған. Бірақ бұл шектеулерді де айналып өтіп, қор қаражатын жұмсау жолдары табылған. Нәтижесінде болашақ ұрпақ қажеттіліктеріне жұмсалуы тиіс қаражат бюджет тапшылығын жабудың негізгі көзіне айналып кеткен.
Аймағамбетов жаңа бюджет кодексінде көзделген дербестікті министрліктер есеп беру жауапкершілігінен жалтару деп түсінбеуі керек екенін ескертеді. Министрліктерге бюджет қаражатын жұмсауда еркіндік берілгенімен, олар Парламент пен қоғам алдында есеп беру міндетінен босатылмайды.
«Министрлiктердiң қорытынды көрсеткiштерi Парламентте бекiтiлмейді деп болжанып отыр. Бұл бюджет қаражатын теріс пайдалану және тиiмсiз бөлу тәуекелдерін арттыра түспек. Жаңа Бюджет кодексі жүйелі мәселелерді шеше қоятынына сенім аз. Өйткені үкімет енгізген жобада баяғы кемшіліктер сақталған және бюджеттің жүйелі проблемалары шешілмеген»,- дейді депутат.