13-20 қазан аралығында өткен Алматыда өткен ATP 250 санатындағы турнирі халықаралық ATP Tour күнтізбесінде ең үздік турнирлердің бірі ретінде танылды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Әлемнің жетекші теннисшілері арасында жүргізілген жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша алматылық турнир әлемдегі үздік үш турнир қатарына кіріп, 5-тен 4.45 деген баға алды. Бұл көрсеткіш ATP 500 санатындағы көптеген турнирлердің бағасынан жоғары болып, тек Мадридте өтетін Masters турнирінен (4.5) сәл төмен болды.
Жалпы баға 30-дан астам түрлі көрсеткіштерге негізделді, оның ішінде корттардың сапасы, киім ауыстыру бөлмелерінің ыңғайлылығы, көрермендер саны, аренадағы атмосфера және басқа да аспектілер бар. Турнирге қатысушылар мен қонақтардың пікірінше, Алматыда алғаш рет өткен халықаралық ATP 250 Almaty Open турнирі әлемдік деңгейдегі спорттық іс-шара болды.
Алматыға нағыз спорт мерекесін тарту еткен Almaty Open турнирінің ұйымдастырушылары келесі күзде барлық отбасылардың көңілді демалуы үшін жарысты кең ауқымды тақырыптық аттракциондармен толықтыруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, биыл алғаш рет өткент турнирде ресейлік Карен Хачанов жеңіске жетіп, 157 мың доллар көлемінде сыйақыға ие болды.