Ауылдағы әкімдердің жиналысына халық бармайды. Халық пен жергілікті билік арасында байланыс жоқ. Бұл мәселе мәслихат жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында талқыланды.
Депутаттар ауылдық елді-мекендерде өзін-өзі басқару жүйесі дұрыс жолға қойылмағанын айтты. Осы орайда қоғамдық кеңестер құру ұсынылды. Бұл кеңестер билік пен халық арасындағы көпір функциясын атқаруы тиіс. Сонымен бірге ауылдық жерлерде әкімдіктердің жанынан мәслихат ашылуы керек деген ұсыныс айтылды. Алайда депутат Анас Баққожаев екеуінің де қажеті жоқ деп санайды.
«Ауыл әкімдіктеріне кеңес керек, мәслихат керек, өзгерту керек деп жатырсыздар. Ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Қазір бәрі жақсы»,- дейді депутат.
Баққожаев елді мекендерде халық пен билік арасында байланыс орнату үшін әкімдердің беделін көтеріп, құзыреттілігін арттыру қажет екенін айтады. Ал ауыл әкімдерінің жиналысына халықтың қызығушылық танытпауына әкімдердің беделінің жоқтығы себеп деген ойда.
«Халық жиналысқа келмейді» деп жатыр. Әкімдер халықты жиналысқа шақырады. Бірақ ешкім келмейді. Жиналатыны 10 адамның айналасы. Ал ауылда ас немесе құдай тамақ берілсе, бірі қалмай келеді. Ол жерде қызық. Әңгімелеседі, ой бөліседі, бір-бірін тыңдайды. Пайдасы бар. Ал әкім өткізген жиналыстан еш пайда жоқ. Неге? Өйткені әкімдердің беделі де жоқ, құзыреттілігі де жоқ»,- дейді ол.
Депутат әкімдердің күнделікті ауыл мен аудан арасында шапқылайтынын, видеобайланыс тұрса да, аудан әкімдерінің орталыққа ауыл басшыларын жиі шақыртатынын айтады.
«Күнде жиын өтеді. «Кедейдің кеңесі бітпейді» деген осы. Сонда ол әкім қашан жұмыс істейді? Қашан халықтың мұң-мұқтажын тыңдайды? Ауылдың бір проблемасын шешуді сұраған халықтың талабын орындай алмайды. Орындайын десе, ақша жоқ. Міне осы үшін халық оның алдына бармайды. Әкім оның проблемасын шеше алмайды. Беделі жоқ әкімнің жиналысына кім барғысы келеді?!»- дейді Анас Баққожаев.
Депутат елді-мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын ретке келтіру үшін бірінші кезекте ауылдық бюджет қаражатын арттыруды, сонымен бірге ауыл әкімдерінің құзыреттілігін жоғарылатуды ұсынды.
Сонымен бірге депутат өңір мәслихаттарының да беделін көтеруді өңірлерге оң әсере ететінін айтты.