Жаңалықтар

Павлодар қаласының бюджетін ысырап еткен шенеунік Көкшетау қаласына әкім болып тағайындалды

Ануар Кумпекеев
2019 жылы Павлодар қаласының әкімі болған Күмпекеев ысырапшылдығы үшін сөгіс алған болатын / Фото: gov.kz

Көкшетау қаласына жаң әкім тағайындалды. Ақмола облысы әкімдігінің хабарлауынша, қалаға Әнуар Қайыргелдіұлы Күмпекеев әкім болып тағайындалған.

«Ақмола облысы әкімінің 2024 жылғы 9 қарашадағы өкімімен Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Әнуар Қайыргелдіұлы Күмпекеев Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалды»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңа әкімді облыс орталығының активіне таныстыра отырып, оның кәсіби қасиеттері мен ұйымдастырушылық қабілеттерін ерекше атап өткен.

Сонымен бірге әкімді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары мен құрылыс салаларындағы мәселелерді шешу бойынша белсенді жұмыс күтіп тұрғанын, оған президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру міндеттелетінін атап өткен. Сонымен әкімге жылыту маусымының үздіксіз өтуін және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту міндеті жүктелген.

Бұған дейін Әнуар Күмпекеев Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келген. Бұл қызметке 2024 жылдың тамызында тағайындалған ол, 2019 жылы «Транстелеком» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, 2020 жылғы қазаннан бастап «Транстелеком» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған.

Күмпекеев компания басшылығына келмей тұрып, 2012 жылдан бастап Ақмола облысы Степногорск қаласы әкімінің орынбасары, 2015 жылғы мамырдан Степногорск қаласының әкімі, 2018 жылғы тамыздан Павлодар қаласының әкімі лауазымдарын да атқарған.

Павлодарды басқарған тұста Күмпекеев өзінің ысырапшылдығы үшін Павлодар облысының сол кездегі әкімі Болат Бақауовтан сөгіс болатын. Облыс әкімі оның бюджет қаражатын оңды-солды шашып, қымбатқа көлік алғаны үшін сынаған. 2019 жылдың шілдесінде басшылықтан сөгіс алған әкім, өз еркімен жұмыстан кеткен болатын.