Елге контрафактілік iPhone 16 және компанияның басқа да жасанды құрылғылары кіргізілмейді. Әділет министрлігі «Apple» компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге келген. Министрліктің «Apple» компаниясымен контрафактіге қарсы күресте ынтымақтастықты күшейтетіні туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
«Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова «Apple» Europe Ltd компаниясының өкілі Х.Смит ханыммен кездесті. Кездесу барысында зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың және контрафактілік өнімдермен күрестің өзекті мәселелері талқыланды»,- делінген хабарламада.
Ботагөз Жақселекова Әділет министрлігінің Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен (ДЗМҰ) бірлесе отырып, салада кешенді жұмыстар атұарылып жатқанын атап өткен. Нарықтардың тұрақты тексеріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары жүргізілетінін атап өткен министрлік өкілі мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізген.
Вице-министр «Apple» компаниясы өнімдерінің түпнұсқалығын тексерудің тиімді құралдарын жасау маңыздылығына да тоқталған. Осы орайда «Apple» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Африка елдеріндегі кеден органдарымен өзара іс-қимылы жөніндегі бөлім басшысы Х. Смит елдің әділет органдарының контрафактіге қарсы күрес жүргізу шараларына көңілі толатынын жеткізген. Контрафактінің цифрлық ортада, атап айтқанда, электрондық сауда алаңдарда таралуына қатысты мәселені көтеріп, бұл үрдіспен күресуде «Apple» компаниясының басқа елдерде жинақтаған оң тәжірибесімен бөлісетінін мәлімдеді.
«Әділет министрлігі мен «Apple» компаниясы Қазақстан Республикасының аумағында құқық тәртібін нығайту және құқық иеленушілердің мүдделерін қорғау шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.