
Ақтөбе облысында Қорғаныс министрлігінің МИ-8 тікұшағы құлап, 1 адам қаза тапты. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
«Бүгін, 9 қарашада сағат 11:40-та 112 нөміріне Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының ауданында тікұшақтың қатты қарқынмен қонғаны туралы хабарлама келіп түсті. Әуе кемесі, болжам бойынша, ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі»,- делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, оқиға орнына ТЖД жеке құрамынан 23 адам мен 5 бірлік техника жіберілген. ТЖМ құтқарушылары өртті сөндіріп, бортта болған азамттарды құтқару шараларын жүзеге асырған. МИ-8 тікұшағының бортында 3 адам болған. Олардың біреуі оқиға орнында қаза тапқан.
Ал апатта жарақаттанған екі адам жедел түрде Ақтөбе қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Екі азаматтың ҚР ҚМ ЯК-40 ВОСВОД ұшағымен жеткізілгені хабарланады.
Осы оқиғаға байланысты Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«9 қарашада Ақтөбе облысындағы аэродром аумағында оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде МИ-8 тікұшағы қатты қонып, артынша отын бактары өртенген. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында тергеу органдары жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлады ҚР ІІМ ӘТД Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы.