Шымкентте әйелдер арасында шахматтан өткен халықаралық  турнир аяқталды: Асаубаева жүлдегер атанды

Жарияланды 9 Қараша 2024 00:41

Нұртай Текебаев

Нұртай Текебаев

Тілші
фото: KazChess

Шымкентте KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы әйелдер арасында ұйымдастырған 2024-2025 жылғы ФИДЕ Бас жүлдесінің екінші кезеңінің қорытындысы жарияланды.

Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) мен Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен 9 тур қызықты да тартымды өтті.

FIDE Women’s Grand Prix Series 2024-2025 екінші кезеңінде жарысқа ФИДЕ атынан қатысқан Александра Горячкина (2533) бәрінен басым түсті (7 ұпай). Одан жарты ұпай аз жинаған әлемнің экс-чемпионы Тань Чжунъи (Қытай, 2551) екінші орын алды. Қазақстанның әйелдер құрамасының көшбасшысы, 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева (2487) бұл жолы 3-орынды иеленді.

«Шахмат бойынша бай мұрасы бар Шымкент қаласы ФИДЕ-нің әйелдер арасында ұйымдастырған ең беделді турнирлердің бірін өткізген орынға айналды. Осындай жоғары деңгейдегі жарыс өткізу арқылы жаһандық шахмат сахнасында Қазақстанның позициясын нығайтып, өңірлердегі мыңдаған жас спортшының жаңа жетістікке жетуіне шабыт бергенімізді мақтан тұтамыз. Турнирдің сәтті аяқталуы әділ жолмен жүлде тағайындауды және осы ойынды дамытуды мақсат еткен федерациялар мен үкіметтің және бизнестің өзара тығыз байланыста іс атқарғанының дәлелі деп есептеймін», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

29 қазанда турнирдің ашылу құрметіне дизайнер Аида Қауменова шахмат тақырыбы бойынша осы жарысқа арнап әзірлеген аса таңдаулы және сәнді әйелдер киімі топтамасын көрсетті.

Барлық 9 турда шахмат жанкүйерлері тартысты ойынға бар назарын аударып, нәтижесін тағатсыздана күтумен болды. Rixos Khadisha қонақ үйінің турнир залында тәжірибесі мол әйгілі 10 шахматшы – гроссмейстерлер Тань Чжунъи (Қытай, 2551), Александра Горячкина (FIDE, 2533), Хампи Конеру (Үндістан, 2530), Катерина Лагно (FIDE, 2527), Элизабет Петц (Германия, 2458) және халықаралық шеберлер Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2487), Ставрула Цолакиду (Грекия, 2439), Дивья Дешмух (Үндістан, 2501), Нургюль Салимова (Болгария, 2405) және Батхуягийн Монгонтуул (Моңғолия, 2344) айналма жүйе бойынша бір-бірімен жарысты.

8 қарашада жарыстың жабылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, ФИДЕ, федерацияның және оның бас серіктесі – Freedom Holding Corp.  команиясының өкілдері, танымал кәсіпкерлер мен беделді тұлғалар қатысты.

«Бүгін біз халықаралық әйелдер шахмат турнирінің сәтті аяқталуына куә болдық. Бұл жарыс тек спорттық бәсекелестік қана емес, әйелдер шахматын дамыту, жаңа таланттарды ашу және өзара достық қарым-қатынастар орнату алаңы болды. Баршаңызға, әсіресе жеңімпаздарға, адал ойын өткізіп, тамаша нәтиже көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын. Әрбір қатысушының еңбегі мен табандылығы біз үшін өнеге болды, осы жеңістер мен жеңілістер шахмат әлеміндегі жаңа жетістіктерге жол ашатыны сөзсіз», – деп атап өтті Қуаныш Асылов.

Әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приі – қомақты жүлде тігілетін турнир. Алты кезеңнің әрқайсысының қоры 80 000 еуроға тең, бірінші орын алған шахматшыға оның 18 000 еуросы табыс етіледі, екінші орынның жүлдесі – 13 000 еуро. Бүкіл турнир сериясының жалпы жүлде қоры – рекордтық $600 000, оның $120 000-ы жалпы есепте үздік болған он ойыншыға үлестіріледі. Классикалық шахмат бойынша Гран-при ақшалай жүлдесімен ғана емес, рейтингті жоғарылату мүмкіндігімен де аса құнды. Бұған қоса серияда жеңіске жеткен жағдайда әлемдік шахмат тәжін иеленуге жол ашылатын келесі үміткерлер турниріне (FIDE Women’s Candidates 2026) жолдама алуға болады.

Әйелдер арасындағы Гран-Придің 2024-25 жылдар сериясының 2-ші кезеңінің 9 турының қорытынды кестесіне назар аударсақ:

1. GM Александра Горячкина (ФИДЕ, 2533) – 7 ұпай;

2. GM Тань Чжунъи (Қытай, 2551) – 6½;

3. IM Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2487) –

5; 4. IM Ставрула Цолакиду (Грекия, 2439) – 5;

5. GM Хампи Конеру (Үндістан, 2530) – 4½;

6. IM Дивья Дешмух (Үндістан, 2501) – 4½;

7. GM Катерина Лагно (ФИДЕ, 2527) – 4;

8. IM Нургюл Салимова (Болгария, 2405) – 3½;

9. GM Элизабет Петц (Германия, 2458) – 2½;

10. IM Батхуягийн Монгонтуул (Моңғолия, 2344) – 2½.

Сондай-ақ оқыңыз