Алматының «Қайрат» футбол клубы ұзақ жылдар бойы көпшіліктің көзқуанышына айналған команда ретінде тағы бір мәрте биік белесті бағындырды. Биылғы маусымның соңғы турында «Қайрат» Атырауда жергілікті командаға қарсы ойнап, 0-1 есебімен жеңіске жетті. Бұл жеңістен кейін алматылық ұжым турнирлік кестеде 47 ұпаймен бірінші орынға ие болып, чемпион атанып отыр.
Сонымен қатар соңғы турда чемпиондыққа үміткер болған тағы бір кұрама «Астана» футбол клубы «Жетісуға» қарсы ойында 5-0 есебімен жеңіске жеткенімен, 46 ұпаймен екінші орынға тұрақтады. Ал, үздік үштікті «Ақтөбе» командасы түйіндеді.
Осылайша, былтырғы маусымда шымкенттік «Ордабасы» чемпион болса, биыл футболдан Қазақстан премьер-лигасының чемпионы «Қайрат» атанды.
Айта кетейік, «Қайрат» соңғы рет 2020 жылы чемпион атанған еді. Алматылық жанкүйерлер үшін бұл жеңіс ерекше маңызға ие. Енді «Қайрат» келесі маусымда Қазақстан атынан халықаралық UEFA Чемпиондар лигасында ойнайды.
Футболдан Қазақстан чемпионаты аяқталғанымен, қазақ жанкүйерлері үшін әлі де қызықты ойындар бар. 14 қараша күні ұлттық құрама Алматыда Аустрия құрамасына қарсы ойнайды. Сонымен қатар «Астана» 12 желтоқсанда лондондық «Челсиге» қарсы өнер көрсетеді.