Үш ірі мұнай компаниясының басшылары бірігу туралы келіссөздер жүргізуде. The Wall Street Journal дерегі бойынша жаңа корпорация әлемдегі екінші ірі мұнай өндірушіге айналуы мүмкін.
Ресей билігі үш ірі мұнай компаниясын – Роснефть, Газпром Нефть және Лукойлды біріктіру жоспарын әзірлеуде. Біріккен корпорация Сауд Арабиясының Aramco компаниясынан кейінгі әлемдегі екінші ірі мұнай өндірушіге айналуы мүмкін.
Компанияларды біріктіру туралы келіссөз бірнеше ай бойы жүргізілуде.
Жаңа компания Кремльдің әлемдік мұнай нарығын бақылауын күшейтеді деп жазды WSJ.
Сарапшылар болжамы бойынша «Роснефть» мемлекеттік корпорациясы «Газпром нефть» пен Ресей Федерациясындағы ең ірі мемлекеттік емес мұнай өндіруші «Лукойл» компаниясын қарамағына алады. Жаңа корпорация Ресей президенті Владимир Путинге «Ресей соғыс уақытындағы экономиканы» ғана емес, сонымен бірге жаһандық энергетика нарығын бақылауды күшейтуге көмектеседі. Мысалы, Американың ең ірі өндірушісі Exxon Mobil компаниясынан үш есе дерлік көп мұнай өндіруге қауқары жететін болашақ алпауыт компания мұнайды Қытай мен Үндістанға жоғары бағамен сата алады.
Дегенмен бұл мәміле сәтсіз аяқталуы мүмкін, деп атап өтті WSJ. Мәселен, «Роснефть» мен «Лукойл» компанияларының басшылығында қызмет ететін шенеуніктер бұл келісімге қарсы шығуы кәдік. Оған қоса «Лукойл» акционерлеріне төлеу үшін қаражат жинау да оңай болмайды.
«Роснефть» мен «Лукойл» өкілдері WSJ компанияларын біріктіру жоспары туралы ақпаратты жалған деп атады. Мәскеу бұл жөнінде «ештеңе білмейтінін» хабарлады.
Мұнай мен газдан түсетін кіріс – Ресей экономикасының локомотивінің бірі. Соның нәтижесінде федералды бюджет кірісінің үштен бір бөлігі толығады. Бір жағынан РФ Батыс санкцияларына төтеп беруге мұнай-газ табысы көмектеседі.