Қазақстанға Моңғолия мен Қытайдан көшіп келгендер саны үш есеге жуық артқан. Бұл жайлы Бірінші кредиттік бюро жазды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстанға тұрақты тұру үшін Қытайдан 1 451 адам, Моңғолиядан 1 088 адам келген. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш сәйкесінше, 177% және 172%-ға артқан.
«Қытайдан келген иммигранттар саны 2017 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті»,- делінген бюро хабарламасында.
Ал Моңғолиядан келгендер саны 2011 жылдан бері көтерілмей, осы жылы рекордтық деңгейге жеткен.
Қазақстаннан Қытайға көшкендер саны айтарлықтай аз. Атамекеніне оралған имигранттардың барлығының яғни 98-99%-ы қазақ.
Көбінде Қытайдан келген қазақтардың дені Алматы мен Астана маңында қоныстанғанды жөн көредлі. Оның ішінде әрбір бесінші азаматы оңтүстік астанаға келген екен.
Ал Моңғолиядан оралған қазақтардың дені көбінесе Ақмола облысына көшірілген. Олардың тек 23%-ы Астанаға, 13%-ы Алматыға қоныс аударған.
Жалпы алғанда, осы жылдың үш тоқсанында Қазақстанға барлығы 20,4 мың иммигрант келген. Бұл 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 6,5%-ға көп.