Түрік билігі Амстердамдағы тәртіпсіздіктерден кейін Түркияда «Бешикташ» футбол клубымен «Маккаби Тель-Авив» клубының ойынын өткізбейтін болды. УЕФА бұл матчты Мажарстанда өтеді деп жариялады.
«Еуропа Лигасының стамбулдық «Бешикташ» пен тельавивтік «Маккаби» арасындағы матчы 2024 жылдың 28 қарашасында Дебрецендегі (Мажарстан) «Надьердей» стадионында өтеді», – делінген УЕФА хабарламасында.
Венгрия билігінің шешімі бойынша матч кезінде алаң бос болады. Яғни жанкүйерлер қатыспайды.
«Бешикташ» түрік клубы Мажарстан өз аумағында матч өткізуге келіскен жалғыз ел екенін түсіндірді. Клуб жанкүйерлерін матчқа арнайы сапар жоспарламай- ақ қоюға шақырды.
Айта кетейік, түрік клубының сапында қазақстандық футболшы Бақтияр Зайнутдинов та ойнайды.
7 қарашада Амстердамда Израильдің «Маккаби Тель-Авив» клубы мен жергілікті «Аякс Амстердам» командасы арасындағы футбол матчынан кейін тәртіпсіздіктер басталды. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израильдің 10 жанкүйеріне «еркін Палестина» деп ұрандаған азаматтар шабуыл жасаған. Изриаль зардап шеккен азаматтарын елге қайтару үшін арнайы рейс жіберген.
Жаппай наразылық шарасы Амстердамда 11 қарашаға дейін жалғасып, құқық қорғау органдарының араласуымен тоқтатылған.