Автокөлік қазір көпшілігінің екінші үйіне айналды десек болады. Сондықтан үйдегідей жайлы болсын деп керек-жарақтармен қамтамасыз етуге тура келеді. Бірі қажет деп қараса, енді бірі әсемдеу үшін бес қаруын сайлайды. Интернет-дүкендерде де, автокөлікке керек дүниелер сататын дүкендерде де мұндай автотауар толып тұр. Бұрын оларды табу қиын болған болса, қазір ондай мәселе жоқ. Керісінше, желіде жарнамасы жиі жарқ етеді. Қызыққаннан көрген адам қызды-қыздымен тапсырыс беріп үлгеріп жатады. Олай болса, автокөлікке керек тауарлар топтамасын назарыңызға ұсынамыз.
Фиксатор-белдіктер. Жүк салғышқа көп зат тиеген кезде құлап кетпес үшін арнайы белдікпен бекітіп қоюға болады. Бастысы жүк салғыштың жанындағы қабырғасы түкті болуы керек. Соған фиксатор-белдіктерді жабыстырып қоясыз. Олардың түрлі-түсті, жуан-жіңішкесі — неше түрі табылады.
Жүк салғышқа арналған тор. Оның да қызметі алдыңғы белдікке ұқсас. Көлікті жаңадан алған кезде көп жерде бұл аксессуар қоса жүреді. Егер болмаса, алып алуға кеңес береміз. Бағасы қымбат болмайды. Есесіне, жүк салғышыңыз шашылып жатпайды.
Органайзер-сөмке. Мұндай сөмкенің де көмегі көп болады. Ішіне машинаға керек құрал-сайман салып қойсаңыз, жинақы болып тұрады. Салоннан алған кезде сыйлыққа берілуі де мүмкін. Седан, хетчбек сияқты шағындау көліктерге тік форматтағысы жақсы келеді. Ал биіктеу машинасы барлар көлденеңін алғаны жақсы. Органайзерлердің дені киізден жасалады. Жұмсақ болғанымен формасын ұстап тұрады, мыжылмайды.
Алдыңғы орындықтардың ортасына арналған тор. Салон ішін реттеп, жинақы қылу үшін алдыңғы орындықтардың екі ортасына осылай тор керіп қоюға болады. Керу үшін қосымша ештеңе керек емес. Орындықтардың төменгі жағында бекітуге болатын жер бар. Ішіне толтырып зат салуға келе қоймас. Десе де, мүлдем қалтасы жоқ салонға керек болары сөзсіз.
Орындықтың арқасына іліп қоятын сөмке. Әсіресе, баласы бар үйдің көлігіне керек аксессуар. алдыңғы орындықтың арқасына іліп не жабыстырып қойсаңыз болғаны. Қол сүртетін қағаз, су не басқа да керек заттарды ішіне салып қоюға болады. Маркетплейстерде мұндай органайзердің неше түрін таба аласыз. Кейбірі ішіне де, сыртына да зат салуға болатындай етіп жасалады.
Орындыққа бекітілетін ілгіш. Өте қажет әрі ыңғайлы аксессуарлардың бірі. Алдыңғы орындықтың арқасына қадап қоясыз. Артта отырған адам сөмкесін, киімін не пакетін іліп қоя алады. Тежегішті қатты басып қалғанда бүкіл затыңызбен бірге алға құлап, сөмкеңіздегі заттар шашылмайды. Айтпақшы, кей ілгіштер тек орындыққа емес, одан қала берді машинаның басқа да жерлеріне қадалады. Пластикке бекітілетінін алсаңыз, қалаған жерге жабыстырып не қадап қоясыз.
Телефонға арналған қадау. Бұл тауар екінің бірінде бар шығар. Өйткені смартфон қол астында тұрғаны жақсы. Біреу қоңырауды қабылдау ыңғайлы болсын дейді, енді бірі карта қосып қояды. Бірі видео қарап не подкаст тыңдағанды жақсы көреді. Сондықтан ұстағыш қажет-ақ. Көбіне вентиляция дефлекторына не алдыңғы терезеге қадап қояды. Тіпті айнаға жабыстырып қоятын түрі де шыққан. Маркетплейсте таңдау көп. Бастысы, мықтап бекітілетінін алсаңыз болғаны. Әйтпесе, әлсіздеу түрлері құлап кете береді.
Тайғанамайтын кілемше. Мұны барлығы дерлік жақсы білуге тиіс. Машина қозғалса да қозғалмайтын, тайғанамайтын шағын кілемше. Смартфонды да, басқа да кішігірім заттарыңызды қойып қойсаңыз болады. Жабысқақ материалдан жасалғаны жақсырақ. Ішіне зат салынатын, тайпақ түрін алсаңыз, оған тиын-тебен салып қойған ыңғайлы. Бірақ смартфоныңыз сыймауы мүмкін.
Пуш-старт. Егер көлігіңізде болмаса, бұл аксессуарды қосып алуыңызға болады. Басқаратын блок, екі контактсыз RFID-тег, индукциялық антенна және батырмадан тұрады. Машинаны оталдыратын тетіктің орнын басады.
Проектор-экран. Көлігіңіз қымбат көрінсін десеңіз, экран-проектор орнатып қоюға болады. Ерекше сән береді. Әлбетте, пайдасы да көл-көсір. Алдыңғы панельге орнатып қоясыз. Дегенмен әр автокөліктің электроникасына қарай орнатуға бола ма, жоқ па анықтау қажет.
Аккумулятор отырып қалмауын қадағалайтын құрылғы. Қазіргі көліктердің іші — тұнған электроника. Сөніп тұрса да энергия жей береді. Айтарлықтай көп жемесе де, көлік 2-3 апта мүлдем оталмаса сол аралықта толық отырып қалады. Сондықтан осыдан қорғайтын құрылғы алып қойған абзал. Оны батареяның теріс заряды жағына кигізеді. Аккумуляторды өшіргенде өшеді. Бірақ дөңгелекті теуіп, сигнализация қосылса, қайтадан қосылып кетеді. Мұның жұмысына қатысты сын да жиі айтылады. Сынап көремін десеңіз, интернет арқылы тапсырыс беріп көрсеңіз болады.
Аккумуляторға арналған тез алынатын клеммалар. Негізі клеммаларды аккумулятордан жедел ажырату керек жағдай сирек кездеседі. Дегенмен сақтансаң, сақтайды демекші, тез өшіру керек болғанда, тоқ соғып кетпес үшін әрекет жасау керек болып қалады. Қытайлық өндірушілер осы проблеманы шешу үшін арнайы тез алынатын, оңай ажыратылатын клеммалар жасап шығарған. Жиынтықта екі клемма жүреді. Бірақ көліктердің көпшілігінде біреуін ғана орнатуға болады. Кемшілігін айтсақ, еуропалық стандартпен үйлеспей қалуы мүмкін. Сонымен бірге көлемді болып келеді.
Дөңгелектердің қысымын өлшейтін жүйе. Алдыңғы терезенің астына көп құрылғы орнатуға қарсы болмасаңыз, онда мына аксессуарды орнатуға болады. Дөңгелектің қысымын дәл есептеп беріп отырады. Егер қысым нормадан ауытқыса, сигнал ойнайды.
Автокөлікке арналған Aux/Bluetooth адаптер. Бұл да екінің бірінде кездесетін құрылғы. Көлікте отырып музыка тыңдағанды жақсы көретіндер алады.