2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында сақтандыру ұйымдары 8,7 мыңнан астам қызметкерге 2 млрд теңге арнайы әлеуметтік төлем төлеген. Сонымен қатар, олашақ төлемдер үшін 19,7 млрд теңге резерв қалыптастырылды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлайды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бері жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шеңберінде жаңа төлем енгізілген болатын.
«Еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін жұмыс берушілердің алдын алу шараларына, сондай-ақ зардап шеккен қызметкердің денсаулығын қалпына келтіруге арналған шығыстарды өтеу үшін оңалту шараларына төлемдер жүзеге асыру көзделген», – делінген хабарламада.
Жазатайым оқиғалар орын алған кезде төлемдердің мөлшері артқан. Қызметкерлердің санаторлық-курорттық ем алуына қосымша өтемақы енгізілді.
Алғашқы алдын алу және оңалту төлемдері келесі жылдан төлене бастамақ. Сондай-ақ, заңда 2015 жылғы заңнамалық өзгерістерге байланысты өтпелі кезеңде болған қызметкерлер санаты үшін мәселе реттелді.
Алайда жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру компаниялар үшін тиімсіз болып тұр.