Қар аралас жаңбыр, бұрқасын жел: демалыс күндері ауа райы қалай құбылады?

Жарияланды 15 Қараша 2024 08:46

(жаңартылды 15 Қараша 2024 08:46)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Ауа райы бүгін
Демалыс күндері ауа райы қалай құбылады? / Фото: shutterstock

Алдағы демалыс күндері Қазақстан басым өңірлерінде көбіне бір қалыпты ауа райы сақталады. Тек бірнеше аймақта жел күшейіп, кейбірінде қар аралас жаңбыр жауады. KursivMedia назарларыңызға 15-16-17 қарашаға арналған Қазгидрометтің ауа райы болжамын ұсынады.

Ең жылы температурамен қалыпты ауа райы еліміздің оңтүстігінде сақталады. Шымкент, Тараз бен Түркістанда баған +10 +12 градусқа дейін көтеріледі. Алайда бұл үш өңірде жел екпіні 8-13м/с деңгейінде сақталып, көшпелі бұлт жүреді. Демалыс күндері күллі Қазақстан бойынша күн тек Қызылорда да ашық болады. Өңірде температура +5+7 сақталып, жел екпіні 7-12м/с дейін азаяды.

Оңтүстік-шығыста да бірқалыпты ауа райы сақталады. Көшпелі бұлт жүріп, Алматы, Қонаев пен Талдықорғанда температура бағаны +3 +5 градуста болмақ, тек солтүстікке жақынырақ Семейде баған -2 дейін төмендейді. Аймақтағы жел жылдамдығы бір-бірінен әлдеқайда алшақ Алматыда – 2-7м/с, Талдықорғанда – 0-5м/с, Семейде – 5-10м/с болса, Қонаевта оңтүстіктен келетін циклон әсерінен жел екпіні 9-14м/с дейін өседі.

Солтүстікте жел екпіні сақталады: Қостанайда – 9-14м/с, Павлодарда – 9-14м/с, Петропавлда – 15-20 м/с, Өскеменде – 5-10м/с. Температура бағаны -1-3 градус аралығында сақталады. Павлодар мен Өскеменде көшпелі бұлт жүрсе, Қостанай мен Петропавлда жексенбі күні қар жауады.

Батыста күн әлі де жылы болады. Тек Ақтөбеде баған 0 градусқа дейін түсуі мүмкін. Ақтауда – +10 +12, Атырауда – +5 +7, Оралда – +2+4 градус аралығында. Өңірдегі жел жылдамдығы 7/10 м/с аралығында. Ауа райы бірқалыпты, тек Оралда жексенбі күні қар аралас жаңбыр жауады.

Орталық Қазақстанға қатты суық келеді. Көкшетау, Қарағанды мен Жезқазғанда оңтүстіктен келетін жел екпіні  9-14м/с болса, Астанада 5-10 м/с қана болады. Аймақта баған -3-5 градусқа дейін түсіп, көшпелі бұлт жүреді.

Сондай-ақ оқыңыз