Болат Өтемұратов ForteBank-тың 90,9% акциясын иеленді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Бизнесмен Болат Өтемұратов ForteBank-тегі үлесін 83,4%-дан 90,9%-ға дейін жеткізді. Қазақстан қор биржасында банктің жалғыз акционері ретінде Болат Өтемұратов көрсетілген. Қаржы ұйымының 7,5% акциясы бұған дейін Болат Өтемұратовтың ұлы – Әлидар Өтемұратовтың иелігінде еді. Енді акционерлер тізімінде оның есімі жоқ.

Банктің 2024 жылдың қаңтар-маусым айларындағы қаржы есебінде Болат Өтемұратов қаржы ұйымының 83,4% акциясын иеленетіні жазылса, қаңтар-қыркүйек айларындағы қаржы есебінде Өтемұратовтың үлесі 90,9%-ға жеткені көрсетілген.

Әлидар ForteBank акционерлері қатарына 2022 жылдың желтоқсанында қосылған. Сол кезде қаржы ұйымының 5% акцияны сатып алып, алдағы жеті жыл ішінде тағы 5%-ды сатып алу құқығын алған болатын. 2023 жылдың сәуір айында өз үлесін 7,5%-ға жеткізген. Алайда қазір бүкіл акциясын әкесіне қайтарған.

1 қарашада банк басқармасында ауыс-түйіс болып, Бекжан Пірматовтың орнына қаржыгер Талғат Қуанышев келген.

ForteBank актив көлемі бойынша Қазақстандағы банктер арасында бесінші орында тұр. Жалпы актив көлемі 4,1 трлн теңгеге тең. Міндеттемедері 3,6 трлн теңгеден асқан. Банк 2024 жылдың 9 айында 113,3 млрд теңге таза пайда алған.

Болат Өтемұратов – Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде алтыншы орында тұр. Оның байлығы 2,7 млрд долларға бағалады. ОЛ ForteBank, KaR-Tel компаниясы (Қазақстандағы Beeline операторы), алтын өндіруші RG Gold, Астана мен Венадағы Ritz-Carlton қонақ үйлері, Мәскеудегі The Carlton, Rixos Borovoe компаниясының акцияларына ие.

Сондай-ақ оқыңыз