Жаңалықтар

АҚШ Украинаға Ресейдің ішкі аумағын ATACMS зымырандарымен атқылауға рұқсат берді

АҚШ Украинаға ATACMS зымырандарын атуға рұқсат берді / Фото: shutterstock
АҚШ Украинаға ATACMS зымырандарын атуға рұқсат берді / Фото: shutterstock

Украина АҚШ-та өндірілетін ATACMS зымырандарын Курск облысындағы Ресей Федерациясы мен Солтүстік Корея әскери қызметшілеріне соққы жасау үшін қолдана алады. АҚШ президенті Джо Байден соққы жасауға ресми түрде рұқсат берді.

Reuters ақпаратына сүйенсек, АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Ресейдің ішкі аумағына шабуылдау үшін ATACMS зымырандарын қолдануға арналған тыйымның күшін жойған. Украина әскері қаруды Курск облысындағы Ресей Федерациясы мен Солтүстік Корея әскеріне қарсы қолдануы мүмкін.

Сарапшылар мұны АҚШ-тың Солтүстік Кореяға берген сигналы ретінде бағалап отыр. Яғни КХДР әскерінің шиеленіске қатысуын тоқтатуға бағытталған шешім.

ATACMS зымырандары 300 шақырым жердегі нысанаға дәл соққы жасай алады. Басылым дереккөздерінің айтуынша, Украина алғашқы соққыларды алдағы бірнеше күнде-ақ жасауы мүмкін. 

Басылымға Ақ үй мен АҚШ Мемлекеттік департаменті түсініктеме беруден бас тартқан. Украина президентінің кеңсесі мен елдің Сыртқы істер министрлігі де қосымша ақпарат беруге әлі ерте екенін айтқан.

АҚШ-тың жаңа сайланған президент Дональд Трамп жағдайға қатысты пікір білдірмегенімен, оның жақтасы миллиардер Илон Маск бұл шешімнен кейін Ресей де ауқымды соққылар жасауы мүмкін екенін ескертті. Себебі қыркүйек айында Ресей президенті Владимир Путин Батыс қаруымен Ресейге соққы жасауын НАТО-ның соғысқа араласуы деп білетінін айтқан.

Бұған қарамастан, АҚШ-тан кейін Франция мен Ұлыбритания да өз елдерінде жасалған SCALP және Storm Shadow зымырандарын Украинаға пайдалануға рұқсат берген.