Барлық салада дайын өнімге сұраныс артып келеді – Ұлттық банк
2024 жылдың III тоқсанында Қазақстанның нақты сектор кәсіпорындары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері дайын өнімге сұраныстың барлық салаларда өскенін көрсетті. Алайда, Ұллтық банк мәліметінше, IV тоқсанда сұраныстың бәсеңдеуі күтіліп отыр, тек өңдеу өнеркәсібі бұл үрдістен тыс қалады.
Ұлттық Банктің нақты секторды зерттеу департаменті директорының орынбасары Денис Чернявскийдің айтуынша, III тоқсанда жалпы экономикада сату рентабельділігі артқанымен, ауыл шаруашылығы мен сауда саласында бұл көрсеткіш төмендеген. Ең жоғары рентабельділік деңгейі тау-кен өндіру өнеркәсібінде сақталып отыр.
Сауалнама мәліметтері бойынша, III тоқсанда шикізат пен материалдарға баға өсімі бәсеңдеді. Дайын өнімге баға өсімі барлық салаларда, ауыл шаруашылығынан басқа, баяулаған. Ал IV тоқсанда шикізат пен материалдарға және дайын өнімге баға өсімінің бәсеңдеуі күтіліп отыр, бірақ бұл ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларына қатысты болмайды.
Өндіріс көлемі III тоқсанда барлық салаларда артқанымен, ауыл шаруашылығында төмендеген. IV тоқсанда өндіріс көлемінің өсу қарқынының төмендеуі болжанып отыр, тек тау-кен өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларында өсім сақталуы мүмкін.
Бұл сауалнамаға тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау салаларындағы 2,7 мыңнан астам кәсіпорын қатысты.